ЕЭК пен ЕБҚ техникалық реттеу саласындағы ынтымақтастықты жалғастырады
08.12.2025
Еуразиялық экономикалық комиссияның Техникалық реттеу және аккредиттеу департаменті директорының орынбасары Евгений Бережных Мәскеудегі Еуропалық бизнес қауымдастығының (ЕБҚ) жыл сайынғы бейіндік конференциясында Еуразиялық экономикалық одақтың техникалық реттеу саласындағы стратегиялық міндеттерімен таныстырды.

"Одақта қалыптасқан техникалық реттеудің халықаралық практикада үйлесті ұқсасы жоқ", – деп атап көрсетті Евгений Бережных.

Ол, атап айтқанда, "ЕАЭО шеңберінде цифрлық техникалық реттеу" жобасын іске асыру, Комиссияның Одақ елдерімен бірлесіп техникалық регламенттер мен стандарттарды әзірлеудің қазіргі заманғы деңгейіне шығуы, өнімнің сәйкестігін бағалау рәсімдерін өзектілендіру туралы айтып берді.

Бұдан басқа, Евгений Бережных ЕАЭО шеңберінде техникалық реттеудің бірыңғай жүйесін одан әрі жетілдіру перспективаларына жан-жақты тоқталды.

"Одақты 2030 жылға дейінгі және 2045 жылға дейінгі кезеңге арналған одан әрі дамыту туралы декларацияны іске асыру жөніндегі жол картасының жобасы техникалық реттеудің бірыңғай жүйесінің жұмыс істеуін қамтамасыз ететін ішкі процестерді жетілдіру, сондай-ақ цифрландыру мен автоматтандыру үрдістерін ескере отырып, оның жаңа деңгейге өтуіне жағдай жасау нәтижесі болуға тиіс жұмыстардың тұтас кешенін қамтиды", – деп атап өтті департамент басшысының орынбасары.

Евгений Бережных бизнес пен өнеркәсіп өкілдерінің өнімге қойылатын талаптарды белгілеуге қатысуының маңыздылығын баса айтты. Бұл, соның ішінде, кәсіпкерлердің мүдделері мен тұтынушылардың қауіпсіз әрі сапалы өнімге арналған құқықтарын қорғау арасындағы теңгерімді табу үшін қажет.

ЕЭК департаментінің өкілдері сондай-ақ Одақ құқығының техникалық реттеу саласындағы бірқатар ережесін түсіндірді, техникалық регламенттерге және оларға орайлас стандарттар тізбелеріне өзгерістер енгізудің кейбір жобаларын әзірлеу мен қабылдаудың негізгі кезеңдері туралы хабарлады. Бұл арада сөз, мысалы, химиялық өнімдердің қауіпсіздігі мәселелері туралы болды. Үшінші елдерде шығарылатын электрондық сауда тауарларының қауіпсіздігін растау тақырыбы бөлек талқыланды.

 

Конференцияға ЕБҚ бас директоры Тадзио Шиллинг, Федералдық аккредиттеу қызметінің басшысы Дмитрий Вольвач, ЕБҚ Өнімнің сәйкестігін бағалау жөніндегі комитетінің төрағасы Алексей Солдатов, Ресей стандарттау институты бас директорының орынбасары Алексей Иванов, сарапшылар қоғамдастығының, бизнестің және салалық қауымдастықтардың өкілдері қатысты.

Еуропалық бизнес қауымдастығы (ЕБҚ) Ресейде жұмыс істейтін 380-ден астам Еуропалық компанияны біріктіреді. ЕБҚ-ның Техникалық реттеу және сәйкестікті бағалау жөніндегі конференциясы – жыл сайынғы іс-шара, онда техникалық реттеу және стандарттау саласындағы мемлекеттік органдардың өкілдері мен кәсіпкерлер осы саладағы өзекті мәселелерді талқылайды.