26 қыркүйекте Куала-Лумпурда (Малайзия) Ресей мен АСЕАН елдерінің Экономика министрлері консультациялар барысында Еуразиялық экономикалық комиссия мен Оңтүстік Шығыс Азия мемлекеттерінің қауымдастығы арасындағы диалогты дамытудың түйінді бағыттарын талқылады. Еуразиялық экономикалық комиссия атынан Интеграцияны дамыту департаментінің директоры Микаел Беллуян өкілдік етті. Іс-шарада ЕЭК пен АСЕАН арасындағы экономикалық ынтымақтастық саласындағы Өзара түсіністік туралы меморандумды одан әрі іске асырудың негізін қалайтын ЕЭК пен АСЕАН ынтымақтастығының 2026-2030 жылдарға арналған жаңа бағдарламасы бекітілді.
"Жаңа бағдарламаның ережелері ЕАЭО мен АСЕАН-ның түйінді стратегиялық құжаттарының негізгі бағыттарымен – "Еуразиялық экономикалық жол" 2030/2045 декларациясымен және АСЕАН-ның 2045 Пайымдауымен өзара байланысты, ЕЭК пен АСЕАН-ның 2025 жылға дейінгі қазір қолданыстағы ынтымақтастық бағдарламасын іске асыру тәжірибесін ескереді", – деді ЕЭК өкілі Экономика министрлерінің алдында сөйлеген сөзінде.Микаел Беллуян жаңа Бағдарлама дәстүрлі форматтар шеңберінде ғана емес, сонымен қатар бірінші Ынтымақтастық бағдарламасында қамтылмаған жаңа салаларда да ынтымақтастықты үдемелі дамытуға бағытталғанын атап өтті. Олардың қатарында АСЕАН өкілдерінің қатысуымен ЕАЭО елдерінде өтетін конгрестік-көрмелік іс-шаралар, сондай-ақ ЕЭК пен АСЕАН бірлесіп қатыса алатын халықаралық алаңдарда өткізілетін іс-шаралар бар.
Атап айтқанда, бәсекелестік, қаржы нарықтары, өнеркәсіптік және агроөнеркәсіптік кешендерді инновациялық дамыту сияқты, сондай-ақ басқа да бірқатар жаңа бағыттар бойынша іс-шаралар жоспарланған. Іскер топтардың өзара іс-қимылына баса назар аударылады.
Тараптар АСЕАН және ЕАЭО елдерінің ресми, іскер және сарапшылық топтарының қатысуымен позициялық сипаттағы "ЕАЭО-АСЕАН күндері" іс-шаралар форматын дамытуға мүдделілікті баса көрсетті. Сондай-ақ, көлік, бәсекелестік және құқық қолдану, зияткерлік меншік және тұтынушылардың құқықтарын қорғау тақырыптары бойынша бірлескен салалық семинарлар өткізудің жетістігі атап өтілді.
АСЕАН өкілдері ЕАЭО-мен азық-түлік қауіпсіздігі, циркулярлық экономика, инфрақұрылым және орнықты энергетика салаларындағы ынтымақтастыққа қызығушылық танытты.
Консультациялар алаңында Микаел Беллуянның АСЕАН бас хатшысының орынбасары Сатвиндер Сингхпен жұмыс кездесуі болып өтті, оның барысында жаңа Ынтымақтастық бағдарламасын іске асыру алгоритмі айқындалды.
"ЕАЭО күндері" алғаш рет 2023 жылы ЕАЭО мемлекеттерінің қолдауымен АСЕАН-ның штаб-пәтерінде өтті. Кезекті "АСЕАН күндері" ЕЭК штаб-пәтерінде 2026 жылға жоспарланған.
2025 жылдың соңына дейін ЕЭК пен АСЕАН-ның кедендік реттеу, энергетика, электрондық сауда, ауыл шаруашылығы және техникалық реттеу мәселелері бойынша бірлескен салалық семинарлары өтеді.