ЕЭК Бәсекелестік саясат және мемлекеттік сатыпалым саласындағы саясат департаменті директорының орынбасары Армине Акопян АСЕАН бәсекелестік жөніндегі сарапшылық тобының 35-ші отырысының арнайы сессиясында Еуразиялық экономикалық комиссияның Оңтүстік Шығыс Азия мемлекеттері қауымдастығымен бәсекелестік мәселелері бойынша ынтымақтастығының кейбір қорытындылары мен өзара іс-қимылының перспективалары туралы айтып берді.
Сессия барысында биылғы шілдеде Комиссия өткізген Еуразиялық экономикалық одақ пен АСЕАН елдеріндегі бәсекелестік саясат пен құқық қолдануға арналған семинардың нәтижелері талқыланды. Семинар қорытындысы бойынша ЕЭК және АСЕАН қызметінің айрықша қызығушылық тудырған бағыттары баса көрсетілді. Олар, атап айтқанда, АСЕАН ұлттық бәсекелестік органдарының өзара іс-қимылының ойдағыдай форматтарына, олардың қызметін бағалау әдіснамасына, құқық қолданудың бірқатар ерекшелігіне қатысты болды."Бәсекелестік бойынша ЕЭК-АСЕАН арнайы сессияларын өткізу жақсы дәстүрге айналды. Бұл бізге дәйекті диалог жүргізуге және практикалық тұрғыда ынтымақтастықты дамытуға мүмкіндік береді", — деп атап өтті Армине Акопян.
АСЕАН жыл сайын Комиссия өткізетін бәсекелестік мәселелері бойынша өңірлік ұйымдардың кездесулерінің қорытындыларына, сондай-ақ ЕЭК-тің осы саладағы өкілеттіктерін қалыптастыру тәжірибесіне қызығушылық танытты.
Отырысқа қатысушылар Комиссияның пікірсайыстарды семинарлар мен консультациялар форматында, сондай-ақ бәсекелестік мәселелері бойынша интеграциялық өңірлік ұйымдардың диалогына қатысу арқылы жалғастыру туралы ұсынысын қолдады."ЕАЭО мен АСЕАН-дағы интеграцияның әртүрлі деңгейіне, ЕЭК пен АСЕАН-ның бәсекелестік саласындағы өкілеттіктері мен функционалындағы айырмашылықтарға қарамастан, екі интеграциялық бірлестіктің мақсаты бір, ол — адал бәсекелестік үшін жағдай жасау. Осы мақсатты жүзеге асыру үшін біз бір-біріміздің таңдаулы практикамызды үйренуге және оларды өз жұмысымызға ендіруге дайынбыз", — деп атап көрсетті Армине Акопян. .
Іс-шараға АСЕАН мемлекеттерінің бәсекелестік органдарының, сондай-ақ АСЕАН Хатшылығының өкілдері қатысты.