Жаңалықтар

22.04.2022 (Обновлено: 23.05.2022 11:17)

ЕЭК пен ТМД-ның Электр энергетикасы кеңесі үйлестірілген энергетика саясатын жүргізу жөніндегі ынтымақтастықты жалғастырады

21 сәуірде Еуразиялық экономикалық комиссияның Энергетика және инфрақұрылым жөніндегі министрі Темирбек Асанбеков пен Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы Электр энергетикасы кеңесі Атқарушы комитетінің төрағасы Тарас Купчиковтің жұмыс кездесуі болып өтті.

Кездесуде Темирбек Асанбеков пен Тарас Купчиков энергетика саласында интеграциялық бірлестіктер алдында тұрған міндеттердің өзектілігі мен бірін-бірі толықтыратындығын атап көрсетті. Бұл ЕЭК пен ТМД ЭЭК арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум шеңберіндегі өзара іс-қимылдың айрықша маңыздылығын айқындайды.

Ұйымдар үйлестірілген энергетика саясатын жүргізуге жәрдемдесу жөніндегі, соның ішінде энергия үнемдеу мен энергия тиімділігі, сондай-ақ ЕАЭО-ның ортақ электр энергетикалық нарығын және ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің ортақ электр энергетикалық нарығын қалыптастыру жөніндегі процестерді үндестірудегі ынтымақтастықты жалғастырады.

Анықтама

Еуразиялық экономикалық комиссия мен Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы Электр энергетикасы кеңесі арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум ЕЭК Алқасының 2018 жылғы 30 қазандағы № 167 өкімімен мақұлданды.