Жаңалықтар

13.10.2021 (Обновлено: 16.02.2022 14:45)

ЕЭК пен ДДҰ-ның Еуропалық өңірлік бюросы өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды

Өзара түсіністік туралы меморандумға 13 қазанда Еуразиялық экономикалық комиссияның Техникалық реттеу жөніндегі министрі Виктор Назаренко мен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДҰ) Еуропалық өңірлік бюросының директоры доктор Ханс Клюге қол қойды. Меморандум Еуразиялық өңірде ЕЭК пен ДДҰ-ның өзара іс-қимылын нығайтуды, ынтымақтастықтың бағыттары мен нысандарын айқындауды, тараптардың әлеуетін пайдалану мүмкіндігін кеңейтуді және тәжірибе алмасуды мақсат тұтады.

«ЕЭК 2017 жылдан бері ДДҰ-мен өзара іс-қимыл жасайды. Ағымдағы әлемдік үрдістер, жаңа инфекцияларға байланысты пайда болатын қауіп-қатерлер, соларға қарсы күресте күш-жігерді жаһандық біріктіру қажеттігі, халықтың сапалы, тиімді әрі қауіпсіз дәрілік препараттарға қол жеткізуін қамтамасыз ету, сондай-ақ осы және аралас салаларда іс-қимылды үйлестіру біздің бірлестіктеріміз арасындағы ынтымақтастықты айрықша өзекті ете түседі»,- деп атап өтті ЕЭК Техникалық реттеу жөніндегі министрі Виктор Назаренко.

Тараптар дәрілер мен медициналық бұйымдардың айналысын реттеуді; жұқпалы және жұқпалы емес көпшілік аурулардың пайда болуы мен таралуын, сондай-ақ қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы халықаралық маңызы бар төтенше жағдаяттардың адамның денсаулығы үшін қауіпті салдарын алдын ала ескертуге бағытталған шараларды әзірлеуді қоса, бірнеше бағыт бойынша өзара іс-қимыл жасауға ниетті.

Бұдан басқа, ЕЭК пен ДДҰ адамның өмірі мен денсаулығы және қоршаған орта үшін қауіпті, мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық қадағалаудың бақылауына жатқызылған тауарлардың әкелінуі мен айналысын болдырмау жөнінде санитариялық-эпидемияға қарсы іс-шараларды жүзеге асыру кезінде ынтымақтасатын болады.

Халықаралық медициналық-санитариялық қағидаларды ескере отырып, қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы реттеу, адамның өмірі мен денсаулығы үшін қауіпті өнімнің айналысына жол бермеу, микробқа қарсы препараттарға төзімділіктің пайда болуы мен таралуын алдын ала ескерту, жоғары технологиялық медициналық көмек көрсету – осы және басқа да бірқатар мәселе бойынша өзара іс-қимыл жүзеге асырылатын болады.

Виктор Назаренко дәрілік заттардың айналысы саласындағы актілерді дайындау кезінде Комиссияның Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынымдарын пайдаланғанын атап өтті. Мысалы, ДДҰ-ның нұсқамалық құжаттары негізінде Дәрілік заттардың өндірісі үшін пайдаланылатын фармацевтикалық қолдануға арналған суға қойылатын талаптар; Фармацевтикалық өндірістегі асептикалық процестер бойынша нұсқама; Стерильді емес дәрілік заттардың өндірісі кезінде қолданылатын қыздыру, желдету және ауаны баптау жүйелерін жобалау, пайдалануға беру, саралау және техникалық қамту бойынша нұсқама дайындалды.

Одақ елдерінің сарапшылары ДДҰ әзірлейтін құжаттардың жобаларын талқылауға белсене қатысуда. Комиссия өз құзыреті шегінде тараптар сарапшыларының әртүрлі форматта, соның ішінде дәрілердің сапасын фармакопеялық нормалауды дамыту саласындағы кәсіби өзара іс-қимыл практикасын қолдауды жоспарлауда.
ЕЭК пен ДДҰ ынтымақтастығы таңдаулы әлемдік практикаларды ескере отырып, дәрілік заттар айналысы саласында ЕАЭО-ның реттеушілік жүйесін дамытуға жәрдемдесетін болады.


Анықтама:

Еуразиялық экономикалық одақ мемлекеттері Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы шеңберінде ДДҰ-ның Еуропалық өңірлік бюросы үйлестіретін өңірге жатады.