28 мамырда Астанада өткен V Еуразиялық экономикалық форум аясында ЕЭК Алқасының Төрағасы Бақытжан Сағынтаев пен ТМД Бас хатшысы Сергей Лебедев Еуразиялық экономикалық комиссия мен Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы Атқарушы комитеті арасындағы өзара іс-қимылды тереңдету туралы меморандумды іске асыру жөніндегі 2026–2030 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарына қол қойды.
Құжат бірлескен жобаларды іске асыруға және тақырыптық іс-шараларды өткізуге негіз қалыптастырады. Жоспарда сауданы дамыту, өнеркәсіп, көлік, энергетика, кедендік ынтымақтастық, техникалық реттеу, санитарлық, ветеринарлық-санитарлық және карантиндік фитосанитарлық шаралар салаларындағы өзара іс-қимыл мәселелеріне ерекше назар аударылды.
«Әлемдік экономикалық архитектурадағы жаһандық өзгерістер жағдайында интеграциялық бірлестіктер арасындағы диалог дамудың маңызды үрдісіне айналуда. Біздің ортақ міндетіміз – мемлекеттердің әлеуеті мен қолданыстағы интеграциялық форматтарды ұштастыру арқылы өзара тиімді ынтымақтастық кеңістігін құруға жәрдемдесу», - деп атап өтті Бақытжан Сағынтаев.
Жоспарды орындау Еуразиялық экономикалық одақ мемлекеттері мен ЕАЭО-ға мүше болып табылмайтын Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдерінің сауда-экономикалық диалогын жандандыруға, сондай-ақ жұмыстың негізгі бағыттары бойынша ЕЭК пен ТМД құрылымдары арасында тәжірибе алмасуға ықпал ететін болады.
ЕЭК пен ТМД Атқарушы комитеті арасындағы Өзара іс-қимылды тереңдету туралы меморандумға 2018 жылы 27 қарашада қол қойылды.