28 мамырда Астанада өткен V Еуразиялық экономикалық форум аясында Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының төрағасы Бақытжан Сағынтаев пен Куба Республикасының вице-президенті Сальвадор Вальдес Меса Комиссия мен Куба Үкіметінің 2026–2030 жылдарға арналған бірлескен іс-шаралар жоспарына қол қойды.
2025 жылы тараптар осындай бес жылдық Жоспарды сәтті аяқтады. Бақытжан Сағынтаев пен Сальвадор Вальдес Меса атап өткендей, жаңа құжат сараптамалық диалогты жалғастыруға ғана емес, сонымен қатар кең ауқымды бағыттар бойынша практикалық кооперацияны дамытуға бағытталған.
«Бұл құжаттың артында үлкен бірлескен жұмыс, сондай-ақ соңғы жылдары жинақталған ынтымақтастықтың оң тәжірибесі жатыр», – деп Бақытжан Сағынтаев қол қою рәсімінде атап өтті.
Іс-шара қорытындысы бойынша Тараптар қабылданған жоспарды іске асыру ЕАЭО мен Куба елдерінің іскер топтары арасындағы тікелей байланыстарды кеңейтуге, бірлескен жобаларды іске қосуға және экономикалық байланыстарды нығайтуға ықпал ететініне сенім білдірді.
Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің шешімі бойынша 2021 жылғы қаңтардан бастап Куба ЕАЭО жанындағы байқаушы мемлекет мәртебесіне ие.