ЕЭК және Халықаралық әуе көлігі қауымдастығы өзара іс-қимыл мәселелерін талқылады

10 маусымда Еуразиялық экономикалық комиссия алаңында ЕЭК энергетика және инфрақұрылым министрі Арзыбек Қожошевтің төрағалығымен авиация саласындағы өзекті мәселелер мен сын-қатерлер бойынша Халықаралық әуе көлігі қауымдастығымен (ИАТА) семинар өтті, сондай-ақ Ресей мен ТМД-дағы ИАТА өңірлік директоры Дмитрий Шамраевпен екіжақты кездесу өткізілді.

 

Кездесуге қатысушылар геосаяси тұрақсыздық жағдайында әлемдік авиация саласының алдында тұрған өзекті сын-қатерлерді, ұшу қауіпсіздігі мен авиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелерін, сондай-ақ әуе тасымалындағы цифрландырудың рөлін талқылады.

Кездесу барысында Арзыбек Қожошев пен Дмитрий Шамраев 2016 жылы қол қойылған ЕЭК пен ИАТА арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум шеңберінде, оның ішінде халықаралық әуе тасымалы саласында бірлескен талдау жұмыстарын жүргізу бөлігінде одан әрі өзара іс-қимыл туралы пікір алмасты.

Министр сондай-ақ әріптесіне ЕАЭО-ның 2027-2029 жылдарға арналған үйлестірілген (келісілген) көлік саясатының негізгі бағыттарын іске асыру бойынша "жол картасы" жобасының дайындалуы туралы хабарлап, ИАТА-ның цифрландыру саласындағы тәжірибесі әзірленіп жатқан құжат аясында "бестік" елдері үшін бағдар бола алатынын атап өтті.

Кездесу соңында тараптар ынтымақтастықты жалғастыруға және тереңдетуге дайын екендіктерін білдірді.

Халықаралық әуе көлігі қауымдастығы (1945 жылы 19 сәуірде Гаванада (Куба) құрылған) — 370-тен астам әлемдік әуе компанияларының мүдделерін білдіретін жетекші салалық қауымдастық, бұл әлемдік әуе трафигінің шамамен 85% құрайды. Үйлестіруден басқа, ИATA әуежайларға арналған бірегей 3 әріптен тұратын кодтарды және әуе компанияларына арналған 2 таңбалы кодтарды шығарады және ИКАО-ның міндетті нормаларын толықтыратын және бүкіл әлем бойынша қауіпсіз, болжамды және үйлесімді әуе тасымалының негізін құрайтын салалық стандарттар мен ережелерді әзірлейді.