ЕЭК пен АЫД үкіметаралық ұйымы өзара қарым-қатынасты дамыту мүмкіндіктерін талқылады

Еуразиялық экономикалық комиссияның Азиядағы ынтымақтастық жөніндегі диалог (АЫД) үкіметаралық ұйымымен өзара қарым-қатынас мәселелері 16 мамырда ЕЭК-тің штаб-пәтерінде өткен ЕЭК Интеграция және макроэкономика министрі Сергей Глазьевтің АЫД Бас хатшысы Порнчай Данвиватанмен кездесуі барысында талқыланды.

Сергей Глазьев Бас хатшыға Еуразиялық экономикалық одақтың қазіргі заманғы көпполярлы әлемнің жаңа орталығы ретіндегі жағдайы мен даму перспективалары туралы айтып берді. Министр сонымен қатар Одақтың халықаралық қызметін де атап өтті. 

Сергей Глазьев экономикалық белсенділіктің төмендеуі, әлемдік сауда мен инвестициялардың баяулауы аясында сауда-экономикалық байланыстардың өзгеріп жатқанына назар аудара отырып, «Негізгі серіктестерді қамтитын және мүше мемлекеттер экономикасының тұрақтылығын арттыру мүддесінде кешенді диалог жүргізуге мүмкіндік беретін икемді инфрақұрылым құрылды», - деді. ЕАЭО үшін бұл, мысалы, Азиядағы серіктестердің маңыздылығын арттыруда көрінеді, олардың көпшілігі АЫД мүшелері. ЕАЭО мен АЫД-ның мақсаттары мен міндеттерін ескере отырып, олардың арасындағы өзара қарым-қатынасты орнату Үлкен Еуразиялық әріптестік идеясына жүйелі түрде сәйкес келеді.

Порнчай Данвиватан экономикалық «қоржын» аясында өзі басқарып отырған ұйым қызметінің негізгі бағыттарын егжей-тегжейлі атап өтті және мүше мемлекеттер тарапынан қолдау болған жағдайда ынтымақтастық туралы бірлескен меморандум шеңберінде ресімделуі мүмкін АЫД мен ЕАЭО-ның табысты өзара іс-әрекет ететініне үмітті екенін айтты.

Тараптар өзара қызығушылық танытқан салаларды анықтау бойынша бірлесіп жұмыс жүргізуге келісті, олардың негізін есептеулерде қолданылатын ұлттық валюталарды пайдалану, азық-түлікпен қамтамасыз ету, көлік және логистика, энергетика, техникалық реттеу, климаттық күн тәртібі, тұрақты даму, мүше мемлекеттердің интеграция артықшылықтарын пайдалану есебінен БҰҰ Тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізуі мәселелері және басқа да тақырыптар құрауы мүмкін.

Кездесуге қатысушылар осы интеграциялық құрылымдардың алаңдарын пайдалана отырып, ЕАЭО және АЫД мемлекеттері арасындағы сауда-экономикалық қатынастарды дамытуға жәрдемдесудің, сондай-ақ экономикалық жобалар мен бастамаларды ілгерілету үшін басқа халықаралық ұйымдар өткізетін іс-шараларға бірлесіп қатысудың маңыздылығын атап өтті.

Анықтама

АЫД – Азиядағы ынтымақтастықты ілгерілету, өңірдегі сауда және қаржы нарықтарын кеңейту, Азия елдерінің әлемдік нарықтағы экономикалық бәсекеге қабілеттілігін арттыру, сондай-ақ азиялық өңірлік форумдары (АСЕАН, «АСЕАН+3», СААРК, Парсы шығанағы мемлекеттерінің ынтымақтастық жөніндегі кеңесі және т.б.) арасындағы «көпір» болатын өңіраралық кооперацияның жаңа құралын құру мақсатында 2002 жылғы 18 маусымда құрылған, ал болашақта жалпы азиялық өзара қарым-қатынастың жетекші құрылымы болатын үкіметаралық ұйым.

АЫД 30-дан астам мемлекетті біріктіреді: АСЕАН елдері, сонымен қатар Бангладеш, Бахрейн, Бутан, Үндістан, Иран, Қазақстан, Катар, Қырғызстан, Қытай, Кувейт, Моңғолия, БАӘ, Оман, Пәкістан, Корея Республикасы, Сауд Арабиясы, Тәжікстан, Өзбекстан, Шри-Ланка, Жапония, Ресей және т. б. Австралия, Непал, Йемен де АЫД-ға қосылуға қызығушылық танытуда. 

АЫД аясында энергетика және энергия қауіпсіздігі, ақпараттық технологиялар, Азия қор нарығын құру, көлік, ауылшаруашылығы, қоршаған ортаны қорғау, туризм, шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту, мәдениетаралық диалог және т. б. салалардағы ынтымақтастық бағдарламалары жарияланды.