ЕЭК пен Өзбекстан Республикасы сауда-экономикалық ынтымақтастықтың басымдықты мәселелерін талқылады

Еуразиялық экономикалық комиссия мен Өзбекстан Республикасының Үкіметі арасындағы өзара іс-қимыл жөніндегі бірлескен жұмыс тобының төртінші отырысы барысында өзара тиімді сауда-экономикалық ынтымақтастықты жандандыру мәселелері талқыланды. Кездесу 13 наурызда ЕЭК штаб-пәтерінде ЕЭК Интеграция және макроэкономика жөніндегі министрі Эльдар Алишеров пен Өзбекстан Республикасы Инвестициялар, өнеркәсіп және сауда министрінің орынбасары Хуррам Тешабаевтың тең төһрағалығымен өтті.

"ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер мен Өзбекстан Республикасы арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық өзінің ауқымы бойынша да, тауарлар номенклатурасының кеңдігі бойынша да стратегиялық сипатта және тұрақты түрде оң серпінге ие болып отыр. Өзбекстан Республикасы Одақтың ТМД елдеріндегі сауда әріптестері арасында бірінші орында. ЕАЭО-ның ТМД елдерімен саудасының құндық көлемінің жартысына жуығы Өзбекстанның үлесіне тиесілі. Біздің саудамыз ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер мен Өзбекстан Республикасы экономикасының өзара толықтырушы сипатын көрсетеді", — деп атап өтті ЕЭК Интеграция және макроэкономика жөніндегі министрі Эльдар Алишеров.

Өз кезегінде Хуррам Тешабаев ЕАЭО-мен бизнес-диалогты ынталандыру үшін тиімді алаңдар құрылғанын, өнеркәсіптік кооперация және инфрақұрылым саласында жүздеген ірі жоба іске асырылып жатқанын атап өтті. Өзбекстан ЕАЭО қамқорлығымен өткізілетін үкіметаралық және ведомствоаралық отырыстарға, экономикалық форумдар мен көрмелерге, жоғары деңгейдегі консультациялар мен кездесулерге жүйелі түрде қатысады.

Эльдар Алишеровтің сөзінше, ЕАЭО мен Өзбекстан арасындағы ынтымақтастықтың өзекті бағыттары 2024 жылғы қазан айында қол қойылған Еуразиялық экономикалық комиссия мен Өзбекстан Республикасы Үкіметінің 2024 – 2026 жылдарға арналған бірлескен іс-шаралар жоспарында дамытыла түсті.

Отырыс барысында тараптар көлік саласын цифрландыру, өзара саудада логистикалық бағыттардың тиімділігін арттыру, ЕАЭО мен Өзбекстанның кедендік шекаралары арқылы өткізілетін халықаралық тасымалдың тауарлары мен көлік құралдары туралы ақпарат алмасуды ұйымдастырудың ықтимал тәсілдемелерін пысықтау, сондай-ақ бәсекелестік және тұтынушылардың құқықтарын қорғау салаларындағы ынтымақтастық мәселелерін талқылады.

Отырыс қорытындысы бойынша ЕАЭО – ға мүше мемлекеттердің Өзбекстан бағытындағы "Еуразиялық агроэкспресс" бірлескен жобасын іске асырудың ауыл шаруашылығы өнімдері мен азық-түлікті жеткізудің көлік-логистика тізбегін дамыту, соның ішінде өнімді өзара жеткізуде жаңа логистикалық маршруттарды пысықтау үшін маңыздылығы атап өтілді.

ЕЭК өкілдері ЕАЭО мен Өзбекстан арасындағы дәрілік препараттарды сәйкестендіру құралдарын өзара тануды, өзбек компанияларының өнеркәсіп пен АӨК-тегі бірлескен кооперациялық жобаларға қатысуын қамтамасыз ету мүмкіндіктерін пысықтауға дайын екендіктерін білдірді. Сондай-ақ, Өзбекстанның 2025 жылғы наурызда ЕАЭО-Өзбекстан кедендік транзитінің бірыңғай жүйесін қалыптастыру мәселелері бойынша кезекті консультациялар өткізу туралы ұсынысы қолдау тапты.

Тараптар ЕАЭО Іскерлік кеңесі мен Өзбекстан СӨП-тің 2025 жылғы сәуірде бірлескен бизнес-диалог өткізу туралы бастамасымен келісті.

Талқылаудың қорытындысы бойынша бірлескен жұмыс тобының бесінші отырысын 2026 жылы Өзбекстанда өткізу келісілді.