Еуразиялық экономикалық комиссияның Сауда жөніндегі министрі Андрей Слепневтің «Ресей темір жолдары» ААҚ бас директоры Олег Белозеровпен кездесуі болып өтті. Кеңес барысында, атап айтқанда, "РТЖ" ААҚ-тың еншілес кәсіпорны - "РТЖ Логистика" компаниясы белсенді қатысушысы әрі бастамашысы болып табылатын «Еуразиялық агроэкспресс» жобасын іске асыру тақырыбы қозғалды.
"Бірінші жылдың ішінде-ақ жоба оң нәтиже көрсетті: жаңа қатысушылармен он келісім жасасылды, тасымалдау маршруттарын кеңейту мәселесі пысықталуда, 500 бірліктен тұратын тоңазытқыш контейнерлерінің өзіндік паркі қалыптастырылды. 2022 жылғы 1 қаңтар мен 31 қазан аралығындағы кезеңде 482 мың тонна, соның ішінде 266,2 мың тонна рефрижераторлық жүк тасымалданды",- деп Андрей Слепнев аралық қорытындыларды келтірді.
Осымен бірге, оның сөзінше, жобаның жұмыс істеу тиімділігін арттыру үшін бәсекеге қабілеттілікті одан әрі арттыру бойынша жұмыс істеу қажет. Соған байланысты Андрей Слепнев пен Олег Белозеров болашаққа арнап қам жасауға болатын қадамдарды талқылады.
Бұдан басқа, "РТЖ" ААҚ та маңызды рөл атқаратын, Еуразиялық экономикалық одақ шеңберіндегі цифрлық көлік дәліздерін ұйымдастыру мәселесі қаралды.
"Біздің негізгі мақсатымыз тасымал құжаттары мен тауарға ілеспе құжаттар көлемінде кешенді қағазсыз тасымалдарға көшу болып табылады. Егер олардың тым болмаса біреуі қағаз форматта болса, онда цифрландырудың ешқандай мәні болмайды",- деп ЕЭК Сауда жөніндегі министрі өз пікірін білдірді.
Тұтастай алғанда, өткен жылы Еуразиялық үкіметаралық кеңестің өкімімен бекітілген жүк теміржол тасымалдарын цифрландыру жөніндегі бірінші кезектегі іс-шаралар жоспары бүгінгі таңда ойдағыдай жүзеге асырылуда. Алайда, Андрей Слепневтің сөзінше, іске асырудың бірқатар мәселесі бар, оның мүмкін болатын шешімі "РТЖ" ААҚ-пен бірге қаралды.
Министр атап өткендей, таяудағы уақытта Қытай тарапымен көлік дәліздерін цифрландыру жоспарын бекіту де жоспарлануда. Бұл арада "РТЖ" ААҚ бірқатар бастама білдірді.
Кеңестің қорытындысы бойынша Андрей Слепнев пен Олег Белозеров өзара мүдделілік білдірілген бағыттар бойынша жұмысты үйлестіруді алда да жүзеге асыра беруге уағдаласты. Бұл ретте ЕЭК пен "РТЖ" ААҚ бір-біріне қажетті қолдау көрсетуге дайын екендіктерін білдірді.