ЕЭК пен ШЫҰ энергетика және көлік саласындағы ынтымақтастықты кеңейтеді
11.09.2025

9 қыркүйекте Бейжіңде (ҚХР) Еуразиялық экономикалық комиссияның Энергетика және инфрақұрылым жөніндегі министрі Арзыбек Кожошевтің Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы (ШЫҰ) бас хатшысының орынбасары Т.Р. Мидхунмен жұмыс кездесуі болып өтті.

Кездесу барысында Арзыбек Кожошев Еуразиялық интеграцияның ЕАЭО және басқа да халықаралық бірлестіктер шеңберінде серпінді дамып келе жатқан процестеріндегі энергетиканың түйінді рөлін атап өтті. Министр сондай-ақ әңгімелесушіні ЕАЭО энергетикалық ресурстарының ортақ нарықтарын қалыптастыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы хабардар етті.

2021 жылғы 17 қыркүйектегі ЕЭК пен ШЫҰ Хатшылығы арасындағы Өзара іс-қимыл туралы меморандумға сәйкес бірлескен іс-шаралар жоспарының жобасы тараптардың келісуі сатысында, ол бекітілгеннен кейін бірлестіктердің жұмысы неғұрлым тығыз форматта жалғастырылатын болады.

"Комиссия ШЫҰ Энергетикалық клубының қызметін мұқият қадағалайды. Жұмыстарыңыздың маңызды бағыты өзара байланысты энергетикалық және көлік-логистика инфрақұрылымын жаңғырту мен салуды қоса, энергетикалық жобаларды дамыту болып табылады. Газ бен мұнайды тасымалдау, сондай-ақ энергетикалық ресурстарға еркін қол жеткізуді қамтамасыз ету мәселелері де ШЫҰ басымдықтарының қатарына кіреді. Бұл, шын мәнінде, ЕАЭО энергия ресурстарының ортақ нарықтарын қалыптастыру шеңберінде біз айналысатын нәрсеге өте жақын", – деп атап көрсетті Арзыбек Кожошев. 

Тараптар ЕАЭО мен ШЫҰ-ның энергия үнемдеуге және энергия тиімділігін арттыруға орайлас жаңа тәсілдемелерді әзірлеудегі, сондай-ақ жаңғыртылатын энергетиканы дамыту саласындағы өзара іс-қимылын ұйымдастыру перспективаларын талқылады.

Бұдан басқа, ЕАЭО мен ШЫҰ-да көлік дәліздерін дамытуға айрықша мән берілетіні атап өтілді. Ынтымақтастықтың басым бағыттарының бірі өзара байланыстылықты дамыту және тиімді көлік дәліздерін құру болып табылады. 

"2024 жылдан бастап ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер мен Комиссия Еуразиялық көлік дәліздерін дамытудың кешенді жоспарын іске асыруға кірісті. Сараптамалық бағалау бойынша, ЕАЭО-дағы транзиттік тасымалдар көлемінің шамамен 70%-ы Еуразиялық көлік дәліздерінің үлесіне тиеді", — деп атап өтті Арзыбек Кожошев. 

ЕЭК тиісті халықаралық ұйымдармен және бірлестіктермен, сондай-ақ халықаралық және өңірлік қаржы институттарымен көлік және инфрақұрылым, мультимодальды тасымалдау және жүктерді контейнерлеу салаларын дамыту жөніндегі күш-жігерді үйлестіру тиімділігін арттыруды маңызды деп санайды.

Кездесуде ЕАЭО – ШЫҰ форматында көлік және энергетикалық инфрақұрылымды дамыту мәселелері бойынша бірлескен іс-шаралар өткізу, сондай-ақ халықаралық деңгейдегі іс-шараларға, форумдарға, конференцияларға, ШЫҰ мен Еуразиялық экономикалық комиссияның бейінді жұмыс органдарының отырыстарына өзара қатысу туралы ұсыныстар айтылды.