Жаңалықтар

15.07.2022 (Обновлено: 26.07.2022 11:16)

ЕЭК пен Өзбекстан техникалық реттеу саласындағы ынтымақтастықты жандандырады

Еуразиялық экономикалық комиссияның Техникалық реттеу және аккредиттеу департаментінің директоры Тимур Нұрашев Өзбекстан Республикасы Инвестициялар және сауда министрлігі жанындағы Техникалық реттеу агенттігінің бас директоры Дилшод Саттаровпен кездесу өткізді. Кездесу 13 шілдеде Ташкентте (Өзбекстан Республикасы) ЕЭК делегациясы да қатысқан Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Стандарттау, метрология және сертификаттау жөніндегі мемлекетаралық кеңесінің 61-інші мерейтойлық отырысы аясында болып өтті.

Тараптар ЕЭК пен ЕАЭО жанындағы байқаушы мемлекет — Өзбекстан Республикасы арасындағы техникалық реттеу саласындағы ынтымақтастықты жандандыруға мүдделілікті атап өтті және ЕЭК Техникалық реттеу және аккредиттеу департаменті мен Өзстандарт арасында техникалық реттеу саласындағы өзекті мәселелер бойынша консультациялар өткізу туралы уағдаласты.

ТМД Стандарттау, метрология және сертификаттау жөніндегі мемлекетаралық кеңесінің отырысында саудадағы техникалық тосқауылдарды жою, стандарттау, метрология, сапаны басқару және сертификаттау саласындағы кадрларды оқыту, біліктілігін арттыру және қайта даярлау бойынша ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің аккредиттеу жөніндегі Өңірлік ұйымын және Базалық ұйымын құру мәселелері талқыланды.

Отырысқа қатысушылар арасында Әзербайжан, Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан стандарттау, метрология, сәйкестікті бағалау және аккредиттеу жөніндегі ұлттық органдарының, сондай-ақ ТМД Атқарушы комитетінің, МАК стандарттары бюросының, Еуразиялық экономикалық комиссияның, Халықаралық заңнамалық метрология бюросының өкілдері болды.

«Жеңіл өнеркәсіп өнімі» мемлекетаралық техникалық комитетін (МТК) құру туралы шешім қабылданды және Қазақстан Республикасының «Тиісті зертханалық практика (GLP)» МТК құру жөніндегі бастамасы қолдау тапты.

Отырыс шеңберінде өнім және көрсетілетін қызмет сапасы саласындағы жетістіктері үшін 2021 жылғы ТМД сыйлығын алуға арналған конкурстың лауреаттары мен дипломанттарын марапаттау рәсімі өтті. Марапаттарды Беларусь, Қазақстан, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстан кәсіпорындары алды. Еуразиялық кеңістікте ТМД сыйлығын кеңінен танымал етуді қамтамасыз ету үшін Мемлекетаралық кеңеске қатысушылар оны ТМД МАК отырыстары шеңберінде тұрақты негізде өткізу идеясын қолдады.