Жаңалықтар

23.09.2022 (Обновлено: 03.10.2022 12:00)

ЕЭК пен VK әлеуметтік желіден "пираттық" контентті алып тастаудың механизмін әзірледі

Еуразиялық экономикалық комиссия Еуразиялық экономикалық одақтың IT-компанияларының, соның ішінде VK («ВКонтакте», «Одноклассники» және «Мой мир» әлеуметтік желілері жататын компания) өкілдерімен авторлардың және заңды құқық иеленушілердің құқықтарын бұзатын цифрлық контентті таратуға қарсы әрекет ету механизмін құру үшін консультациялар сериясын өткізді.

Әлеуметтік желілерден "пираттық" контентті жедел алып тастау механизмін әзірлеу қажеттігі осы уақытқа дейінгі қолданыстағы тәртіптің алып тастауды тек соттың тиісті шешімі күшіне енгеннен кейін көздейтініне байланысты. Практикада бұл ұзаққа созылатын процесс және осы уақыттың бәрінде заңсыз контент заңды құқық иеленушілерге нұқсан келтіріп, желіде таратылып отырады.

Атап айтқанда, Құқық иеленушілер, лицензиарлар және интернетте авторлық құқықтарды қорғау жөніндегі лицензиаттар қауымдастығы ЕЭК атына жолдаған өз өтініштерінде осы проблеманы көрсетті.

Консультациялардың қорытындысы бойынша әзірленген механизм құқық иеленушінің құқыққа сыйымсыз орналастыру туралы арызы бойынша "пираттық" контентті әлеуметтік желіден бірнеше сағат ішінде алып тастауға көмектеседі.

ЕЭК Бәсекелестік және монополияға қарсы реттеу жөніндегі министрі Арман Шаққалиев жаңа механизмді түсіндіре келіп, зияткерлік қызметтің нәтижелерін коммерцияландырудың цифрлық құралдары елеулі кіріс әкелетінін және бұл нарықтағы дамыған бәсекелестік орта пайдаланушылар мен құқық иеленушілердің мүдделерінің теңгеріміне қол жеткізуге мүмкіндік беретінін атап өтті.

"Еуразиялық экономикалық комиссия ЕАЭО-ның монополияға қарсы органдарымен және IT-компаниялардың өкілдерімен бірлесіп, бұдан арғы өзара іс-қимылды және цифрлық нарықтардағы адал бәсекелесікті қолдау үшін қажетті құралдарды әзірлеу қажеттігін ортақ түсінуге қол жеткізді», – деп атап өтті министр.