Еуразиялық экономикалық комиссия және Дүниежүзілік жануарлар денсаулығы ұйымының (ДЖДҰ) өңірлік өкілдігі Мәскеуде Комиссия мен ДЖДҰ-ның 2022-2024 жылдарға арналған бірлескен қызметі жөніндегі бағдарламасына сәйкес аусыл және күйіс қайыратын ұсақ жануарлардың оба ауруы (КЖО) мәселелері бойынша семинар өткізді.
Семинар жұмысына ЕЭК қызметкерлері, ДЖДҰ жетекші сарапшылары, Еуразиялық экономикалық одақ мемлекеттерінің ветеринария саласындағы уәкілетті органдарының, сондай-ақ олардың жетекші ведомстволық бағынысты институттары мен зертханаларының лауазымды тұлғалары мен сарапшылары қатысты.
Әлемде және ЕАЭО елдеріндегі эпизоотиялық ахуал, осы аурулар бойынша елдегі жағдайдың тиісті жай-күйін алу үшін орындалуы қажет ДЖДҰ талаптары, сондай-ақ оны алу механизмі қаралды.
«ДЖДҰ ұсынымдары мен әлемдік тәжірибені ескере отырып, осы аурулардың өршуін жою бойынша күш-жігерді біріктіру өзара саудадағы шектеулерді алып тастауды жеделдетуге мүмкіндік береді және біздің елдеріміздің экспорттық әлеуетін арттыруға ықпал етеді», — деп атап өтті ЕЭК Техникалық реттеу министрі Виктор Назаренко.
Санитарлық, фитосанитарлық және ветеринарлық шаралар департаменті директорының орынбасары Владимир Субботин Одақта эпизоотиялық салауаттылықты қамтамасыз етудің құқықтық негіздерін баяндады. Ол ЕЭК Актілерін дайындау жөніндегі комиссияның ЕАЭО аумағында аусыл ошақтарының алдын алудың, оқшаулаудың және жоюдың жалпы қағидаттары мен қағидаларын қолдану тәртібіне және ДЖДҰ мәртебесін тану туралы сертификаттар алу кезінде ЕАЭО мемлекеттерінің уәкілетті органдарының өзара іс-қимылына қатысты жұмысы туралы айтып берді.
ДЖДҰ-ның аусыл бойынша референттік орталығының өкілі семинарға қатысушыларға аусыл мен КЖО-ның әлемде таралуы, мүше мемлекеттер үшін сирек кездесетін SAT-2 серотипінің аусыл вирусының ЕАЭО аумағына ену қаупінің жоғары екендігі, сонымен қатар обаға қарсы жаңа вакцина жасау бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы айтып берді. ЕАЭО елдерінің уәкілетті органдарының өкілдері өз өңірлерінде аусыл және КЖО бойынша эпизоотиялық жағдай туралы хабарлады, осы аурулар бойынша ДЖДҰ мәртебесін алу бойынша жұмыс тәжірибесімен алмасты.
Аусыл ауруы бойынша ДЖДҰ-ның ресми мәртебесін алу үшін құжаттарды тапсыру тәртібі мен тәсілі бойынша практикалық жаттығулар семинарға қатысушыларға сарапшылар жіберетін қателіктерді түсінуге көмектесті.
Семинар барысында алған білім ЕАЭО мемлекеттерінің ветеринариялық мамандарына пайдалы болады. ДЖДҰ ұсынымдарын ескере отырып, олар өз мемлекеттерінің аумағында аусыл мен күйіс қайыратын ұсақ жануарлардың обасының таралуын болдырмау жөніндегі іс-шараларды ұйымдастыруға және өткізуге, сонымен қатар осы аурулар бойынша ДЖДҰ тиісті мәртебесін алуға көмектеседі.
Анықтама
ДЖДҰ бүкіл әлемдегі жануарлардың денсаулығына жауап беретін үкіметаралық ұйым болып табылады. ДСҰ-ның референттік ұйымы ретінде танылған.
Аусыл – бұл ашатұяқты және көнтабанды үй жануарлары мен жабайы жануарлардың жедел жұқпалы вирустық ауруы, аурдың белгілері қалтырау, ауыз қуысының шырышты қабығының зақымдануы, желін терісінің, жұлықтың, тұяқ аралық жарықшақтың және майтабанның көпіршіктенуі (афтозды) ретінде көрінеді. Аусыл трансшекаралық инфекцияларға, яғни ұлттық шекараларға қарамастан тез таралуға қабілетті, экономикалық маңызы зор және елдер арасындағы сауда мен азық-түлік қауіпсіздігіне әсер ететін ауруларға жатады. Аусылмен адамдар да ауруы мүмкін.
Күйіс қайыратын ұсақ жануарлардың обасы – жедел жұқпалы вирустық ауру. Бұл аурумен негізінен қой мен ешкі, кейде күйіс қайыратын ұсақ жабайы жануарлар да ауырады. Түйелер, ірі қара мал және енекелер сезімтал болып саналады, дегенмен олардың КЖО вирусының айналымындағы рөлі ресми түрде анықталмаған. КЖО Оңтүстік Африканы қоспағанда, Африкада, Араб түбегінде, Таяу және Таяу Шығыс елдерінің көпшілігінде, сондай-ақ Орталық және Оңтүстік-Шығыс Азияда кең таралған. Ол әдетте өткір түрде өтеді және дене температурасының жоғарылауымен, көз бен мұрыннан сірлі бөліністердің ағуымен, іш өтумен және пневмониямен, әртүрлі шырышты қабаттардың, атап айтқанда ауыз қуысының жарасымен сипатталады. Оның клиникалық белгісі аусыл ауруына ұқсас.