Жаңалықтар

27.01.2023 (Обновлено: 02.02.2023 14:20)

ЕЭК пен ЮНКТАД бәсекелестік саласында өкілеттіктер берілген өңірлік ұйымдардың кездесуін жалғастыру туралы уағдаласты

Еуразиялық экономикалық комиссияның Бәсекелестік және монополияға қарсы реттеу жөніндегі министрі Бақыт Сұлтанов бүгін Женевада (Швейцария) ЮНКТАД бас хатшысының орынбасары Педро Мануэль Мореномен және ЮНКТАД-тың Бәсекелестік саясаты және тұтынушылар құқықтарын қорғау бөлімшесінің басшысы Тереза Морейрамен кездесу өткізді. Талқылаудың түйінді тақырыбы Комиссияның бәсекелестік саласында өкілеттіктер берілген өңірлік ұйымдармен ынтымақтастығы болды. 

"Бірлескен жұмыс шеңберінде бәсекелестік саласында өкілеттіктер берілген өңірлік ұйымдармен жыл сайынғы кездесуін ұйымдастырудағы біздің бастамамызға ЮНКТАД-тың қолдау көрсеткенін атап өткім келеді. Біз екі жылдан бері ЮНКТАД-тың қолдауымен әлемнің барлық континентінен интеграциялық бірлестіктерді жалпы пікірсайыс үшін жинауға қол жеткізіп келеміз. Бұл - Анд қоғамдастығы, КОМЕСА, КАРИКОМ, БАЭВО, АСЕАН», – деп атап өтті Бақыт Сұлтанов. 

ЮНКТАД бас хатшысының орынбасары Педро Мануэль Морено ЮНКТАД пен ЕЭК-тің бәсекелестік блогы арасындағы тиімді өзара іс-қимылды атап өтті және ол алда да нығая түседі деп үміт білдірді.

Бұдан өзге, тараптар ЕЭК бәсекелестік және монополияға қарсы реттеу блогының ЮНКТАД-тың трансшекаралық картельдер жөніндегі жұмыс тобына қатысуын талқылады. 

"Біз бұл топ жұмысының маңыздылығы мен осы саладағы таңдаулы тәжірибені жүйелейтін құжатты дайындауға және дамушы елдер мен жас ведомстволарға неғұрлым пайдалы бола алатын кейбір ұсынымдар тұжырымдауға деген ұмтылысын атап көрсетеміз",- деп толықтырды министр.

Кездесуге қатысушылар ЮНКТАД-тың бәсекелестік саясаты мен шағын және орта кәсіпкерлікті дамытудың өзара байланыстылығы мәселелері жөніндегі жобасына, сондай-ақ осы бағытта пікірсайысты одан әрі тереңдету қажеттігіне жеке назар аударды.

Бақыт Сұлтанов ЮНКТАД-тың Бәсекелестік саясаты және тұтынушылар құқықтарын қорғау бөлімшесінің өкілдерін осы жылғы 24-25 мамырда Ресейде өтетін ІІ Еуразиялық экономикалық форум аясында бәсекелестік жөніндегі сессияда сөз сөйлеуге шақырды.