ЕЭК пен ЮНСИТРАЛ халықаралық сауда құқығы бойынша диалогты жалғастырды

Еуразиялық экономикалық комиссия ЮНСИТРАЛ-мен бірлесіп, халықаралық сауда құқығының өзекті мәселелеріне арналған екінші вебинар өткізді, оған Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің уәкілетті органдарының өкілдері қатысты.

ЮНСИТРАЛ сарапшылары бірқатар бағыт бойынша түйінді атқарымдарын ұсынды. Бұлардың арасында дәрменсіздік (банкроттық) туралы заңнама, халықаралық делдалдық пен төрелік, сондай-ақ инвесторлар мен мемлекеттер арасындағы дауларды реттеу жүйесін реформалау бар.

ЕЭК Кәсіпкерлік қызметті дамыту департаменті директорының орынбасары Лусине Тумян әлемдік экономиканың қарқынды трансформациясы жағдайында халықаралық сауда құқығы барған сайын маңызды рөл атқаратынын атап өтті.

"ЕЭК пен ЮНСИТРАЛ арасындағы диалог өзара іс-қимылды дамытуға бағытталған, осы саладағы озық халықаралық практикамен танысуға мүмкіндік береді. Біз тәжірибе ауысуда және халықаралық сауда құқығының нормаларын жетілдіру бойынша бірлесіп жұмыс істеуде үлкен құндылықты көріп отырмыз", — деп атап өтті Лусине Тумян.

Комиссия өкілі ЕАЭО мемлекеттерінің ЮНСИТРАЛ-мен белсенді диалогының маңыздылығын атап көрсетті, оның пікірінше, бұл елдерге өзекті тенденциялар мен жаһандық бастамалардан хабардар болып қана қоймай, сонымен қатар халықаралық құқықтық стандарттарды қалыптастыруға қатысуға мүмкіндік береді.

Болып өткен пікірсайыс қатысушылардың ЮНСИТРАЛ-дың механизмдері мен құралдары туралы білімін кеңейтуіне, ЕАЭО шеңберінде халықаралық сауда құқығын қолдану пратикасын талқылауға мүмкіндік берді.

ЮНСИТРАЛ (UNCITRAL) – БҰҰ-ның халықаралық сауда құқығы жөніндегі комиссиясы. 1966 жылы халықаралық сауда құқығын біріздендіруге және үйлестіруге ықпал ету үшін құрылған. БҰҰ-ның халықаралық сауда құқығы саласындағы негізгі заң органы болып табылады.

Осы жылғы 26 мамырда ЕЭК пен ЮНСИТРАЛ-дың алғашқы бірлескен вебинары болып өтті.