ЕЭК АТЭЫ елдерінің құралдары мен тәжірибелеріне ерекше назар аудара отырып, кедендік әкімшілендірудің халықаралық тәжірибесін зерделейді

Бұл туралы Еуразиялық экономикалық комиссияның Кедендік ынтымақтастық жөніндегі министрі Сергей Шкляев Далянь қаласында (Қытай) өткен Азия-Тынық мұхиты экономикалық ынтымақтастығы аясындағы жоғары деңгейдегі лауазымды тұлғалардың кездесуінде мәлімдеді.

АТЭЫ-ның "Кеден – Бизнес" диалогының пленарлық сессиясында сөз сөйлеген ЕЭК министрі Комиссияның Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттермен бірлесіп кедендік рәсімдерді цифрландыру бойынша жұмысты жалғастырып жатқанын хабарлады. Оның айтуынша, "бестік" елдерінде бірқатар жобалар табысты іске асырылуда, олардың қатарында навигациялық пломбаларды пайдалана отырып тауарларды тасымалдауды қадағалау тетігін енгізу, зияткерлік өткізу пункттерін құру және басқа да жобалар бар.

"Біз перспективалы ақпараттық технологияларға негізделген, кедендік операцияларды жүргізу жылдамдығын қамтамасыз ете отырып, бақылаудың сапасы мен деңгейін қатар арттыратын заманауи әрі тиімді кедендік реттеу жүйесін қалыптастыруға ұмтыламыз. Осы мақсатта біз халықаралық тәжірибені мұқият зерделеп, АТЭЫ-ға қатысушы мемлекеттердің құқықтық құралдары мен тәжірибелеріне, сондай-ақ кеден органдары мен бизнес арасындағы нәтижелі диалогты қалыптастыру тәжірибесіне ерекше назар аударамыз", – деп атап өтті Сергей Шкляев.

ЕЭК министрі Қытай Халық Республикасы Бас кеден басқармасының басшысы Сун Мэйцзюньмен де жұмыс кездесуін өткізді.

Комиссия мен Қытай кеден қызметінің ынтымақтастығының өзекті мәселелері талқыланды. Кездесудің басты тақырыбы тиісті Келісімде көзделген ЕАЭО мемлекеттерінің кеден қызметтері мен ҚХР БКБ арасында ақпараттық алмасуды іс жүзінде іске асыру болды. Осыған байланысты Сергей Шкляев Комиссия мен Одақ елдері халықаралық сауданың ашықтығын арттыру үшін ЕАЭО-ға кірмейтін мемлекеттердің кеден органдарымен ақпарат алмасуға маңызды мән беретінін атап өтті.

Тараптар мүмкіндігінше қысқа мерзімде қажетті құқықтық негізді келісуді аяқтауға және осындай алмасуды іс жүзінде іске асыруға көшуге мүдделілігін растады.

ЕЭК министрі қытайлық әріптестеріне Одақ кеңістігінде кедендік транзиттің бірыңғай жүйесін құру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы хабарлады. Тиісті Келісімге ЕАЭО мемлекеттерінің басшылары 2024 жылғы желтоқсанда қол қойып, 2026 жылғы маусымда күшіне енді.

"Бірыңғай транзиттік жүйе әлемдік озық тәжірибелерге негізделген және транзиттік тасымалдар үшін бірқатар жеңілдіктерді көздейді. Олардың қатарында бірыңғай транзиттік декларацияны, бірыңғай қаржылық кепілдікті қолдану, басқа кеден органдары жүргізген кедендік бақылау нәтижелерін тану, сондай-ақ навигациялық пломбаларды пайдалану бар. Бұл жүйе ашық болып табылады және оған ЕАЭО мүшесі болып табылмайтын мемлекеттер де қосыла алады", – деп түсіндірді Сергей Шкляев.

Сондай-ақ, ЕЭК министрі Қытайдың "бестік" елдерінің негізгі сауда әріптесі екенін атап өтті және оның аталған жобаға қатысуы тауарлар қозғалысын жеделдету арқылы Еуразия кеңістігінің транзиттік әлеуетін арттыруға мүмкіндік беретінін жеткізді.

Кездесу барысында ҚХР-дың "Ақылды кеден" бағыты бойынша бастамалары, кедендік әкімшілендірудің озық тәжірибелері және оларды Еуразиялық экономикалық одақ аясында қолдану мүмкіндіктері талқыланды.

Азия-Тынық мұхиты экономикалық ынтымақтастығы – өңір елдерінің сауда-экономикалық өзара іс-қимылын дамыту мақсатында құрылған беделді халықаралық алаң. АТЭЫ құрамына ЕАЭО-мен тікелей шектесетін мемлекеттер де, сондай-ақ бірлестіктің маңызды сауда серіктестері болып табылатын елдер де кіреді. Олардың қатарында Қытай, Вьетнам және Индонезия бар.