Жаңалықтар

23.11.2022 (Обновлено: 30.11.2022 10:09)

ЕЭК ЕАЭО-ның трансшекаралық нарықтарында Ресей мен Қазақстанның жарылғыш заттар өндірушілерінің іс-қимылындағы бәсекелестікті бұзушылықты анықтаған жоқ

Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасы ЕЭК Монополияға қарсы реттеу департаменті жүргізген істі тергеп-тексеру материалдарын қарап, осындай тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің бірқатар ресейлік және қазақстандық жарылғыш заттар мен қоздыру құралдарын (оталдырғыларды) өндірушілердің Қазақстанның шаруашылық жүргізуші субъектісіне тауар жеткізуден бас тартуына байланысты Комиссияға өтініші тергеп-тексеру үшін негіз болды. Материалдарда жекелеген өндірушілердің іс-әрекеттерінде бәсекелестікке қарсы келісімнің ықтимал белгілерін көрсететін мәліметтер болды, өтініш берушінің пікірінше, бұл қазақстандық компанияның жеткізілімінен бас тартуды білдірді.

Тергеп-тексеру барысында жарылғыш заттарды өндірушілер өнеркәсіп саласындағы ұлттық уәкілетті органмен келісу рәсімінен өтіп, өнімді алдын ала шығаруға келісімшарт жасайтыны белгілі болды. Бұл ретте ЕАЭО елдерінде жарылғыш заттар мен қоздыру құралдарының азаматтық айналымы лицензияланатын қызмет түрлеріне жатады, экспорт көлемін ұлғайтуға рұқсат алу рәсімі барынша күрделі. Сол себепті тауарды сатып алудың кепілдендірілген көлемі көрсетілмеген коммерциялық ұсыныстың бір ғана сұратуының болуы жеткізілімге жаңа келісімшарт жасасу үшін жеткіліксіз болып табылады.

Тергеп-тексерумен бір мезгілде өтініш беруші тарапынан жекелеген жосықсыз іс-әрекет фактілері анықталды, солардың қатарында шарттық міндеттемелерді бұзу, төлемақының уақытылы төленбейтіндігі бар. Сол себепті монополияға қарсы тергеп-тексеру органы қарастырылып отырған жағдайдағы жарылғыш заттарды өндірушілердің тауарларды жеткізуден бас тартуын азаматтық құқықтық даудың нысанасы деп санады.

Істі қарау барысында зерделенген барлық фактордың жиынтығы ЕЭК Алқасына ЕАЭО-ның жарылғыш заттарды өндірушілерінің арасында бәсекелестікке қарсы келісім жоқ екендігі туралы тұжырым жасауға мүмкіндік берді.

Осы ретте тең бәсекелестік жағдайларын қалыптастыру мақсатында ЕЭК Алқасы Монополияға қарсы реттеу департаментіне ЕАЭО елдерінің өнеркәсіп және жарылғыш заттарды өндірушілер саласындағы уәкілетті органдарын контрагенттерді іріктеу және өткізілетін тауарлардың кемсітушілік тәсілдемелерін белгілеу мүмкіндігін болдырмайтын бағасын айқындау жөніндегі қағидаларды әзірлеу мүмкіндігін қарастыру туралы хабардар етуді тапсырды. 

Бәсекелестік және монополияға қарсы реттеу жөніндегі министр Бақыт Сұлтановтың сөзінше, мұндай қағидаларды қабылдау жарылғыш заттар мен қоздыру құралдарын жеткізушілердің қызметінің анықтығын және ашықтығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

«Тергеп-тексеру барысында ЕАЭО монополияға қарсы блогы мен жеткізушілер өкілдерінің кездесуі өткізілді. Шаруашылық жүргізуші субъектілер қағидаларды әзірлеу идеясын қолдады және оларды орындауға дайын екендігін білдірді»,- деп атап өтті министр.