Жаңалықтар

18.11.2022 (Обновлено: 24.11.2022 14:35)

ЕЭК бизнеспен бірге Мысырдың және Сербияның нарықтарына шығу мәселелерін, сондай-ақ ЕАЭО шеңберіндегі өнеркәсіптік кооперацияны талқылады

Еуразиялық экономикалық комиссияның Сауда жөніндегі министрі Андрей Слепневтің төрағалық етуімен Бизнес-диалогтың Еуразиялық экономикалық одақтың кәсіпкерлік қоғамдастығы өкілдерімен салалық отырысы болып өтті.
Іс-шара барысында ЕАЭО елдерінің мүдделі компанияларына Мысырдағы Ресей өнеркәсіптік аймағында өндірісті дамыту бойынша мүмкіндіктер ұсынылды, Одақтағы өнеркәсіптік кооперацияның 2025 жылға дейінгі негізгі векторлары белгіленіп көрсетілді, сондай-ақ Еркін сауда туралы келісім шеңберінде Сербиямен ынтымақтастықтың перспективалары айқындалды.

Отырыс барысында Мысырдағы өнеркәсіптік аймақтың инфрақұрылымына ресейлік компанияларға арналған жағдайларға ұқсас жағдайларда қолжеткізу мүмкіндігін алудан бөлек, ЕАЭО-ның басқа мемлекеттерінің әлеуетті резиденттері өз өнімін Араб Республикасының өзінде де, сол сияқты оның Африкадағы және Таяу Шығыстағы, Еуропадағы және Латын Америкасындағы әріптестерінің аумағында да бажсыз сата алатыны атап өтілді. "Бұл біздің еркін сауда туралы болашақ келісімімізге жақсы қосымша болады", — деп атап көрсетті Андрей Слепнев.

"Бүгін талқыланып отырған барлық мәселе өте өзекті сипатқа ие: Ресейдің Мысырдағы өнеркәсіптік аймақ бойынша бастамасы Үкіметаралық кеңестің қазандағы өкімімен бекітілген, өнеркәсіптік ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын өткен жылы Үкімет басшылары бекітті, ал Сербия Республикасымен таяу уақытта Бірлескен комитет өткізу жоспарлануда. Осыған байланысты біз үшін бизнестен кері байланыс алу маңызды болып табылады. ЕЭК тиісті жүйелі жұмысты тұрақты негізде жүргізетінін сіздер білесіздер", — деп атап өтті Андрей Слепнев.


ЕАЭО шеңберіндегі және үшінші елдермен өнеркәсіптік ынтымақтастық бөлігінде өнеркәсіп блогының өкілі Жаслан Әзенов бизнесті Өнеркәсіптік ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын іске асыру, кооперация мен экспорттың перспективалық бағыттары туралы және Одақта кооперациялық өндірісті қаржылық қолдаудың бекіту жоспарланған механизмі туралы хабардар етті. Сауда блогының өкілі Михаил Черекаев өз тарапынан экспортқа бағдарланған салаларға жәрдемдесу орайындағы преференциялы сауда келісімдерін жасасу туралы келіссөздер шеңберінде жүргізілетін белсенді жұмыс туралы айтты.

Андрей Слепнев ЕАЭО елдерінің кәсіпкерлерін ағымдағы жылдың соңында — келесі жылдың басында күтіліп отырған Сербиямен Бірлескен комитет қарсаңында ұсыныстармен және проблемалармен Комиссияға белсендірек қайырылуға шақырды. Ол бизнес-қоғамдастықтың назарын Одақ кәсіпорындары үшін келесі жылдың өзінде Иранның сыйымды нарығына қол жеткізудің эксклюзивті жағдайларын жасауға алып келуі мүмкін еркін сауда туралы келіссөздерге, сондай-ақ сатып алу қабілетінің тепе-теңдігі бойынша әлемнің жетінші экономикасы — Индонезиямен алда басталатын келіссөздерге аударды.