Жаңалықтар

06.09.2022 (Обновлено: 14.09.2022 11:43)

ЕЭК ЕАЭО-да металлургия саласын шикізатпен қамтамасыз ету міндеттерін бірлесіп шешудің тиімді тәсілдемелерін талқылайды

Бұл туралы Еуразиялық экономикалық комиссияның өнеркәсіп блогының өкілдері 6 қыркүйекте Нұр-Сұлтанда өткен жыл сайынғы PRO Lom металл сынықтары конференциясы шеңберінде мәлімдеді.

Форумға қатысушылар саланың таяудағы перспективадағы өзгерістеріне қатысты бірқатар түйінді мәселелерін, ағымдағы экономикалық жағдаятта сынық дайындаушылар үшін өсу мүмкіндіктерін, инновациялық техниканы қолдануды және қара әрі түсті металл сынықтарын өңдеу жөніндегі технологияларды, логистиканы дамытуды талқылады.

ЕЭК Өнеркәсіп және агроөнеркәсіптік кешен жөніндегі министрі Артак Камалянның іс-шараға қатысушыларға арналған, ЕЭК Өнеркәсіптік саясат департаменті директорының орынбасары Георгий Арзуманян оқып берген құттықтау сөзінде "Ағымдағы жағдаятта шоғырландыру үшін, соның ішінде Комиссия алаңында Одақ елдерінің ЕАЭО ішкі нарығында металл сынықтарының кедергісіз орын ауыстыруын қамтамасыз ету жөніндегі күш-жігері, жаңа логистикалық тізбектерді қалыптастыру, сынық дайындау саласын дамыту бойынша қосымша шаралар қабылдау, сынық тасымалдау саласында логистиканы дамыту үшін ЕАЭО-ның интеграциялық әлеуетін пайдалану өте маңызды" деп атап өтілген.
ЕЭК деректері бойынша, ЕАЭО-да қара металдарды дайындау әлеуеті жылына 40-тан 80 млн тоннаға дейін құрайды. Бұл ретте болат шығару үшін металл сынықтары пайдаланылатын электр болат балқыту қуаттарының жиынтық көлемі 40-тан 50 млн тоннаға дейін құрайды.

Сонымен бірге, халықаралық санкциялық шаралармен ұштасқан күрделі экономикалық жағдаятқа байланысты металлургия саласының алдында бірқатар проблемаларды шешу үшін жедел шешімдер іздеу сын-қатерлері тұр. Сөз әлемдік нарықта дәстүрлі логистикалық тізбектердің бұзылуына байланысты ішкі және сыртқы нарықтарда металл өнімін тұтынудың төмендеуі туралы болып отыр, бұл перспективада ЕАЭО аумағында сынықтар дайындау көлемінің кемуіне әкелуі мүмкін.

Сарапшылардың пікірінше, қалыптасқан жағдай бір мезгілде кооперацияның дамуын ынталандыруы, сала өндірушілерінің ішкі нарыққа, соның ішінде құрылыс пен ірі инфрақұрылымдық жобаларды қамтамасыз ету үшін қайта бағдарлануына ықпал етуі мүмкін.

Металлургия саласын қолдау жағдайларын жасау үшін Комиссия 2021 жылы ЕАЭО елдері Үкіметтерінің басшылары қабылдаған ЕАЭО мемлекеттерінің металлургия кәсіпорындарын шикізатпен қамтамасыз ету жөнінде 2021–2024 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарын әзірледі.

Жоспарда сынықтарды жинау мен дайындауды ынталандыруға, логистиканы оңтайландыруға, қалдықтар мен металл сынықтарын, сондай-ақ металлургия саласы кәсіпорындарын шикізатпен қамтамасыз ету мақсатында темірді қайта өңдеудің инновациялық технологияларын ендіруге бағытталған шараларды ұлттық деңгейде әзірлеу мен қабылдау көзделген.

Бүгінгі таңда тараптар сынықтар дайындау саласын дамыту, Одақтың металлургия кәсіпорындарын шикізатпен қамтамасыз ету жағдаятын реттеу үшін алғашқы қадамдарды жасап та үлгерді.

ЕАЭО елдерінің жоспардың іс-шараларын ұлттық және ұлтүсті деңгейде іске асыру жөніндегі бірлескен күш-жігері сынықтар дайындау саласын қолдау мен дамыту және ұзақ мерзімді негізде Одақтың ішкі нарығында ЕАЭО металлургия кәсіпорындарын шикізатпен тұрақты қамтамасыз ету үшін жағдайлар жасайды, осынау күрделі экономикалық жағдаятта сынық дайындаушылар мен тұтынушылардың бәсекеге қабілеттілігін қолдауға мүмкіндік береді.

Саланы дамыту мәселелерін талқылау жөніндегі конференция қорытындылары саланы дамытудың ортақ міндеттерін бірлесіп шешу және металлургия саласында кооперациялық ынтымақтастықты одан әрі дамыту үшін жаңа серпім береді.


Анықтама

«Сібір және Қиыр Шығыс сынық дайындаушылар бірлестігі» («Про Лом» СҚҚ) сынықты қайта өңдеушілер қауымдастығы Ресей Федерациясының Сібір және Қиыр Шығыс федералдық округтерінде қара және түсті металдардың сынығы мен қалдықтарының айналысы саласының 100-ден астам қатысушысын біріктіретін коммерциялық емес ұйым болып табылады.

«PRO Lom» салалық металл сынықтары конференциясы – саланың, соның ішінде Одақ шеңберіндегі өзекті мәселелерін талқылауға арналған дәстүрлі кәсіби алаң. Осы жылғы іс-шараның негізгі мақсаты - өзара қарым-қатынастар деңгейін ашық және орнықты етуге қабілетті өзара іс-қимыл механизмдерін дамыту, жақсарту және шешімдерді іздестіру бөлігінде Қазақстан мен Ресейдің салалық компанияларын біріктіру. Конференцияға Ресей мен Қазақстанның әр өңірінен 650-ден астам адам қатысты, олардың арасында - уәкілетті органдардың өкілдері, екі елдің металл сынықтарын дайындайтын жетекші кәсіпорындары, сондай-ақ сынықтарды өңдеуге арналған жабдықтар мен техника өндірісіндегі әлемдік көшбасшылар бар.