Жаңалықтар

14.09.2021 (Обновлено: 12.01.2022 17:10)

ЕЭК ЕАЭО-да жылына 4,5 - 5,5% экономикалық өсімге қол жеткізу іс-шараларын айқындады

Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесі 14 қыркүйектегі отырысында ЕАЭО мемлекеттерінің 2021 – 2022 жылдарға арналған макроэкономикалық саясатының негізгі бағдарларын іске асыру жөніндегі іс-шаралар тізбесін бекітті.

Негізгі бағдарларды үстіміздегі жылғы 21 мамырда Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес бекіткенін еске сала өткен жөн. Құжатта Одақ елдері үшін жылына 4,5–5,5% өсім бағдары жазылып қойылған.

Негізгі бағдарларды іске асыру жөніндегі іс-шаралар төрт бағытқа топтасқан.

1.Макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету және кәсіпкерлік белсенділікті қалпына келтіру әрі инвестициялар көлемін ұлғайта өсіру үшін қолайлы жағдайлар қалыптастыру

Бағыт тиімді ақша-кредит саясатын іске асыру арқылы баға тұрақтылығын ұстап тұру, ұзақ мерзімдік инвестициялық ресурстарды тарту үшін қаржы нарығының механизмдерін дамыту, трансшекаралық нарықтарда бәсекелестікті қорғауды қамтамасыз ету, ұлттық валюталарда есептесуге көшуді ынталандыру жөніндегі және басқа шараларды кірістіреді.

2.Өңдеуші өнеркәсіпте өндірістік кооперацияны дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасау

Атап айтқанда, бірлесіп әзірленген өнімнің кооперациясы мен өндірісін кредиттеу механизмін дамыту, Еуразиялық мемлекетаралық бағдарламаларды әзірлеу мен іске асыру, Еуразиялық интеграцияның рәмізі болуға қабілетті бірлескен ауқымды жоғары технологиялық жобалар тізбесін қалыптастыру бағамдалады.

3.Одақтың ғылыми-технологиялық және өндірістік әлеуетін дамыту

Бағыт іргелі және қолданбалы ғылыми зерттеулер саласындағы жоспарлар туралы мемлекеттерді өзара хабардар ету тәртібін тұжырымдауды, бірлескен зерттеулер критерийлерін айқындауды, мүше мемлекеттердің энергия үнемдеу, энергия тиімділігі, жаңартылатын энергия көздерін пайдалану және қоршаған ортаны қорғау саласындағы өзара іс-қимылын көздейді.

4.Одақтың ішкі нарығының мүмкіндіктерін және үшінші елдермен өзара пайдалы қатынастарын кеңейту

Бұл бағытта жұмыс істеп тұрған даму институттары пайдаланатын қаржыландыру құралдарын кеңейтуге, Одақ шеңберінде тауарлардың ортақ биржалық нарығын қалыптастыру жөнінде ұсыныстар әзірлеуге, Одақтың ішкі нарығындағы қазіргі бар кедергілерді жоюға және жаңа кедергілердің пайда болуына жол бермеуге айқындап көңіл аудару ұсынылды. Одақты Үлкен Еуразиялық әріптестіктің интеграциялық контурын қалыптастыру орталықтарының бірі ретінде жайғастыруға, сондай-ақ үшінші елдермен, халықаралық ұйымдармен және интеграциялық бірлестіктермен өзара тиімді қатынастарды дамытуға айрықша көңіл бөлінді.

Тізбе елдердің де, Комиссияның да жүзеге асыруына арналған іс-шараларды, сондай-ақ оларды орындаудан күтілетін экономикалық нәтижені кірістіреді.