ЕЭК кедендік-тарифтік реттеу бөлігінде бірқатар шешім қабылдады
27.02.2026

Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесі Еуразиялық экономикалық одақ елдеріне әкелінетін өнімнің кейбір түрлеріне қатысты кедендік-тарифтік реттеу шараларын енгізу туралы бірқатар шешім қабылдады.


"Атап айтқанда, сөз былғары-аяқ киім және химия өнеркәсібіне арналған тауарлар, сондай-ақ кедендік әкелу бажы үш жылға нөлге түсірілген немесе ұқсас мерзімге тарифтік жеңілдік берілген тоқыма, былғары, тері және басқа материалдарды өңдеуге арналған құралдар туралы болып отыр. Тиісті номенклатура бойынша бұған дейін Алқа шешім қабылдаған болатын", – деп атап өтті ЕЭК Сауда жөніндегі министрі Андрей Слепнев.

ЕЭК Кеңесінің басқа шешімімен ағымдағы жылдың 15 мамырына дейін Беларусқа 600 тоннадан аспайтын көлемде және Қазақстанға 3 мың тоннадан аспайтын көлемде әкелінетін сары өріктерге қатысты; Қазақстанға 0,5 мың тоннадан аспайтын және Ресейге 2 мың тоннадан аспайтын көлемде әкелінетін шиеге қатысты; Беларусқа 0,6 мың тоннадан аспайтын көлемде, Қазақстанға 1,5 мың тоннадан аспайтын және Ресейге 25 мың тоннадан аспайтын көлемде әкелінетін қызыл шиеге қатысты; Беларусқа 0,7 мың тоннадан аспайтын, Қазақстанға 1,5 мың тоннадан аспайтын және Ресейге 23 мың тоннадан аспайтын көлемде әкелінетін қара өрікке қатысты тарифтік жеңілдік берілді.

Сондай-ақ кілем және кілем бұйымдарын өндіруге арналған маталардың жекелеген түрлеріне кедендік әкелу бажы екі жылға нөлге түсірілді.

Бұдан басқа, 2026 жылдың соңына дейін Қазақстанға металлургиялық кәсіпорындарда пайдалану үшін әкелінетін мыс штейні мен цементтеу мысына қатысты 2,5 мың тоннадан аспайтын көлемде тарифтік жеңілдік берілді.

Барлық шешім ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң күшіне енеді.