Еуразиялық экономикалық комиссияның Өнеркәсіптік саясат департаментінің директоры Николай Кушнарев Сауд Арабиясында Made in Russia+ Innoprom алғашқы көп салалы миссиясының құрамында шетелдік әріптестер арасындағы сауда қатынастарын нығайту және экономикалық ынтымақтастықты кеңейту мақсатында Сауд Арабиясының жетекші компаниялары мен үкіметтік құрылымдарының өкілдерімен келіссөздер жүргізді.
Тараптар ынтымақтастықтың перспективалық бағыттарын және құрылыс, машина жасау, фармацевтика және инновациялық технологияларды қоса алғанда, өнеркәсіптің түрлі салаларын қаржыландыру мүмкіндіктерін талқылады.
Николай Кушнарев «Иннопром» көрмесінің іскерлік бағдарламасына, оның ішінде Ресей Федерациясы мен Сауд Арабиясы Корольдігінің билік органдары басшыларының, сондай-ақ агенттіктер мен ірі өндірістік компаниялардың басшыларының қатысуымен өткен негізгі пленарлық сессияға және мамандандырылған сессияларға қатысты.
«Сауд Арабиясы Корольдігі экономикасы қарқынды дамып келе жатқан ірі өңірлік нарық ретінде ЕАЭО мемлекеттерімен өнеркәсіптік ынтымақтастықты дамыту үшін басымды шетелдік әріптес болып табылады. Өнеркәсіп пен инновация саласындағы өзара тиімді ынтымақтастықты құру болашақта сауда-экономикалық байланыстардың жедел дамуына ықпал етеді деп үміттенеміз. Made in Russia+INNOPROM көпсалалы іскерлік миссиясының ұйымдастырушыларына осы нәтижелі іс-шараны өткізгені үшін алғыс айтамыз және ЕАЭО елдері мен Сауд Арабиясы арасындағы экономикалық байланыстардың одан әрі дамуын күтеміз», — деп атап өтті Николай Кушнарев.
Анықтама
INNOPROM – халықаралық өнеркәсіптік көрме, Ресейдің негізгі индустриялық, сауда және экспорттық алаңы. Эр-Риядтағы іс-шаралардың қатарында цифрлық өндіріс, қалаларға арналған технологиялар, заманауи агротехнологиялар, көлік машиналарын жасау, энергетикаға арналған технологиялар, денсаулық сақтау және фармацевтика, тамақ өнеркәсібі, өнеркәсіптік жабдықтар бар. Биылғы жылы іс-шара алғаш рет ЕАЭО-дан тыс жерде өткізіліп жатыр.