Еуразиялық экономикалық комиссия Оңтүстік Шығыс Азия мемлекеттері қауымдастығының Хатшылығымен бірлесіп 31 шілдеде семинар өткізді, онда тараптар Еуразиялық экономикалық одақ пен АСЕАН-ның техникалық реттеу жүйелерін талқылады.
ЕЭК департаментінің қызметкерлері Одақтың бірыңғай техникалық реттеу жүйесінің негізгі аспектілері, оның ағымдағы жай-күйі және даму перспективалары туралы хабарлады. Өз кезегінде АСЕАН өкілдері сәйкестікті бағалау тақырыбына тоқталып, сауда қатынастарын дамыту мақсатында аккредиттеу құралдарын пайдалану тәжірибесімен бөлісті."Мұндай іс-шараларды өткізу – біздің жұмысымыздың маңызды бөлігі. Бірлескен семинарлар тәсілдемелерді үндестіруге ықпал етеді, шетелдік әріптестерге Еуразиялық "бестік" елдерінде өнімге қойылатын белгіленген талаптарды қолданудың практикалық тәжірибесімен танысуға көмектеседі", – деп атап өтті ЕЭК Техникалық реттеу және аккредиттеу департаментінің директоры Серік Құсайынов.
Семинарда ЕАЭО шеңберінде қолданыстағы жеңіл өнеркәсіп өнімдерінің, электр техникасы жабдықтарының, резеңке мен одан жасалған бұйымдардың қауіпсіздігіне қойылатын талаптар, сондай-ақ тамақ өнімдеріне, соның ішінде шайға, кофеге, балыққа және теңіз өнімдеріне қойылатын талаптар қаралды. Одақтық нарықта тауарларды айналымға шығару, ЕАЭО-да өнім қауіпсіздігі талаптарының сақталуын бақылау мәселелері талқыланды. Комиссия өкілдері АСЕАН мемлекеттеріндегі тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі саласындағы реттеу және стандарттау аспектілерімен танысты.
"ЕАЭО мен АСЕАН елдері арасындағы сауда байланыстары кеңейе беретіндіктен, нарықтарға кедергісіз қол жеткізуді жеңілдету және өнімнің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін техникалық реттеу жүйелерін, стандарттар мен сәйкестікті бағалау рәсімдерін өзара түсіну қажет", – деп атап көрсетті АСЕАН-ның Стандарттар және сапа жөніндегі консультативтік комитетінің төрағасы, Мьянманың Ғылым және технологиялар министрлігінің Зерттеулер және инновациялар департаменті жанындағы Ұлттық стандарттар мен сапа департаментінің директоры Джо Соу Лвин.
Іс-шара қорытындысы бойынша тараптар диалогты жалғастыру туралы уағдаласты.
Оңтүстік Шығыс Азия мемлекеттерінің қауымдастығы (АСЕАН) – Оңтүстік Шығыс Азия мемлекеттерінің 60 жылдық тарихы бар саяси, экономикалық және мәдени өңірлік үкіметаралық ұйымы. Қазір оған 11 қатысушы ел кіреді. АСЕАН-ның негізгі мақсатының бірі – өңірдің экономикалық өсуін жеделдету.
2026 жылғы 31 шілдедегі семинарға ЕЭК-тің бірқатар департаментінің, АСЕАН елдері мемлекеттік органдарының, АСЕАН Хатшылығы бөлімшелерінің өкілдері қатысты.