Жаңалықтар

30.01.2023 (Обновлено: 02.02.2023 14:43)

ЕЭК ДКҰ-мен ынтымақтастық жөніндегі шаралар тізбесін қарады

Еуразиялық экономикалық комиссия Дүниежүзілік кеден ұйымымен (ДКҰ) ынтымақтастықты дамыту жөніндегі шаралар тізбесін талқылады.

ЕЭК-тің бейінді жұмыс тобының отырысына Комиссияның кедендік ынтымақтастық блогының және ЕАЭО елдерінің кедендік ынтымақтастықты дамыту, сондай-ақ халықаралық кеден қоғамдастығымен өзара іс-қимыл кезінде кедендік реттеуді жетілдіру мәселелері құзыретіне кіретін уәкілетті органдарының өкілдері қатысты. Жұмыс тобының сарапшылары Еуразиялық экономикалық интеграцияны дамытудың 2025 жылға дейінгі стратегиялық бағыттарының 11.7.5-тармағын ДКҰ-мен өзара іс-қимыл бөлігінде
іске асыру үшін құқықтық және ұйымдастырушылық тәсілдемелерді қарады.

"ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер басшыларының Одақтың ДКҰ-ға мүшелігі туралы директиваларын іске асыру және оны негіз қалаушы құжаттарға қосу Комиссияның кедендік ынтымақтастық блогының күн тәртібінде тұрған өзекті тақырып болып табылады. Қойылған міндеттер кешенді талдау жасауды және ЕАЭО-ның құқықтық өрісі шеңберінде оңтайлы ұйымдастырушылық-құқықтық шешімдер іздеуді талап етеді",- деп атап өтті ЕЭК Кеден заңнамасы және құқық қолдану практикасы департаментінің директоры Сергей Владимиров.

Комиссияның пікірінше, жұмыс тобы қызметінің нәтижелері ЕАЭО мен ДКҰ-ның кедендік ынтымақтастық тақырыбы бойынша техникалық комитеттеріндегі өзара іс-қимылға, соның ішінде осы халықаралық кеден ұйымының құқықтық құралдарын әзірлеуге оң әсерін тигізеді.

Анықтама

Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің 2020 жылғы 11 желтоқсандағы № 12 шешімімен бекітілген Еуразиялық экономикалық интеграцияны дамытудың 2025 жылға дейінгі стратегиялық бағыттарының 11.7.5.-тармағында Одақтың ДКҰ мүшесі мәртебесін алуы, Одақтың ДКҰ-ның негіз қалаушы құжаттарына қосылу мүмкіндігін пысықтау сияқты іс-шаралар көзделген.