Жаңалықтар

17.03.2025

ЕЭК ЕАЭО-дағы келісілген агроөнеркәсіптік саясат мәселелерін қарады

17 наурызда Еуразиялық экономикалық комиссияның штаб-пәтерінде ЕЭК Өнеркәсіп және агроөнеркәсіптік кешен жөніндегі министрі Гоар Барсегянның төрағалық етуімен Агроөнеркәсіптік кешен жөніндегі консультативтік комитеттің отырысы болып өтті.

Отырысқа қатысушылар Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде өнімді органикалық деп тану тәртібі туралы келісімнің жобасын мақұлдады. Құжат Одақта осындай өнімнің еркін қозғалысы үшін жағдай жасауды қамтамасыз етуге бағытталған. Мүше мемлекеттердегі мемлекетішілік келісу қорытындысы бойынша пысықталған құжат жобасы Еуразиялық экономикалық одақ органдарының қарауына ұсынылатын болады.

Консультативтік комитеттің отырысында ЕЭК Алқасының "Одаққа мүше мемлекеттерде ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуді дамытуды мемлекеттік қолдау шаралары туралы" ұсынымының жобасы да мақұлданды. Құжат ұлттық мемлекеттік аграрлық саясат арнасында ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуді дамытуға бағытталған ынталандырушы және реттеуші сипаттағы шаралар бойынша ұсыныстарды қамтиды.

Тұйықты ауыл шаруашылығы тауарлары бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар шеңберінде ЕЭК Алқасының ЕАЭО елдерінде сүт және сүт өнімдері нарығын, ірі қара мал өсіру өндірісін, сондай-ақ шошқа еті нарығын орнықты дамыту жөніндегі шаралар туралы ұсынымдарының жобалары мақұлданды.

"Ұсынымдарды іске асыру генетикалық материалға, шикізатқа, өндіріс құралдарына импорттық тәуелділікті азайтуды қоса, мал шаруашылығы салаларының жұмыс істеу тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді, өндірілетін өнімнің экспорттық әлеуетін арттыруға ықпал етеді және оның бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз етеді", – деп атап өтті Гоар Барсегян.