Жаңалықтар

29.04.2022 (Обновлено: 03.06.2022 16:08)

ЕЭК өнімдердің ЕАЭО техрегламенттерінің талаптарына сәйкестігін бағалау рәсімдерін оңайлату жөнінде уақытша шаралар әзірледі

ЕЭК штаб-пәтерінде ЕАЭО елдерінің техникалық реттеу, стандартттау және аккредиттеу саласындағы уәкілетті органдарының басшыларымен өткен екі күндік кеңесте Еуразиялық экономикалық одақ мемлекеттері экономикаларының техникалық реттеу саласындағы орнықтылығын арттыру жөніндегі жедел шараларды, осы салада Еуразиялық экономикалық интеграцияны дамытудың 2025 жылға дейінгі стратегиялық бағыттарын, сондай-ақ техникалық реттеу саласында Одақтың ішкі нарығындағы алып қоюлар мен шектеулерді жою жөнінде 2021-2022 жылдарға арналған жол картасын іске асыру мәселелері қаралды. Кеңес ЕЭК Техникалық реттеу жөніндегі министрі Виктор Назаренконың төрағалық етуімен болып өтті.

ЕАЭО елдері экономикаларының орнықтылығын арттыру жөніндегі шаралар тізбесі техникалық реттеу саласындағы оңтайландыру жөніндегі іс-шараларды қамтиды. Олар Одақ шеңберінде енгізілетін өнімге қойылатын жаңа міндетті талаптардың күшіне ену мерзімдерін өзгертуге, өтпелі ережелерді ұзартуға, өнімге орайлас қазірдің өзінде қолданылатын талаптарды өзектілендіруге және сәйкестікті бағалау рәсімдеріне қатысты.

Бүгінгі күні тараптардың ұсыныстары бойынша «Энергия тұтынатын құрылғылардың энергетикалық тиімділігіне қойылатын талаптар туралы» техрегламенттің күшіне ену мерзімін 2025 жылғы 1 қыркүйекке ауыстыру туралы (күшіне ену мерзімі үш жылға ауыстырылды), сондай-ақ ұлттық заңнама нормаларына сәйкес айналысқа шығарылатын көлік құралдарына қойылатын талаптарды белгілеу бөлігінде «Доңғалақты көлік құралдарының қауіпсіздігі туралы» техрегламентке өзгерістер енгізу туралы шешімдер қабылданды.

Өнімдердің Одақ техникалық регламенттерінің талаптарына сәйкестігін бағалаудың жекелеген рәсімдерін оңтайландыру үшін Комиссия өнімдердің Одақ техрегламенттерінің талаптарына сәйкестігін бағалау рәсімдерін оңайлату жөніндегі уақытша шараларды әзірледі.

Олар өнімнің сериялық өндірісінің де, партиясының да сәйкестігін сертификаттау мен декларациялау рәсімдерін оңайлатады. Құжат COVID-19 жағдайында қолданылатын уақытша шаралардың құқық қолдану практикасын ескереді және Одақтың құқығына сәйкес келеді.

«Одақтың кейбір елдерінде техникалық реттеу саласында қабылданған шешімдер жекелеген жағдайларда ЕАЭО құқығымен үйлесе бермейді. Осындай нәрселердің болмауы үшін Комиссия жедел түрде өнімдердің Одақ техрегламенттерінің талаптарына сәйкестігін бағалаудың жекелеген рәсімдерін оңайлату жөнінде уақытша шаралар әзірледі», — деп атап өтті ЕЭК Техникалық реттеу жөніндегі министрі Виктор Назаренко.

Кеңеске қатысушылар уақытша шараларды қолдана отырып, өнімге сәйкестікті бағалау туралы құжаттар беру жөніндегі қызметке Одақ елдерінде мониторинг жүргізу, сондай-ақ осындай өнімнің сәйкестігін мемлекеттік бағалауды (қадағалауды) күшейту қажеттігі туралы ортақ пікірге келді. Уақытша шаралардың түзетілген жобасы жедел түрде Комиссия Алқасының және Кеңесінің қарауына ұсынылады.

Кеңеске қатысушылар техникалық реттеу саласында Еуразиялық экономикалық интеграцияны дамытудың 2025 жылға дейінгі стратегиялық бағыттарын іске асыруды талқылады.

«Стратегиялық бағыттарды іске асыру жоспары техникалық реттеу саласын дамытудың 22 механизмін ашатын және нақтылайтын 39 іс-шараны кірістіреді. 2022 жылы осы жоспардың 16 іс-шарасы, соның ішінде ЕАЭО туралы шартқа өзгерістер енгізу, Одақ органдарының тұжырымдамалық жаңа актілерін бекіту және қолданыстағыларына өзгерістер енгізу іске асырылуға тиіс», — деп атап өтті ЕЭК министрі Виктор Назаренко.

Өнімнің сәйкестігін бағалаудың жаңа тәсілдемелерін талқылау кезінде Одақ елдері уәкілетті органдарының басшылары өндірушілер уәкілеттік берген адамдардың бірыңғай тізілімін құру қажеттігі туралы пікір білдірді. Оған кіргізу үшін нақты критерийлер әзірленіп, келісілетін болады.Тізілім Одақтың ортақ нарығын қауіпсіз емес өнімнен қорғау жөніндегі шаралар кешеніндегі маңызды механизмдердің біріне айналады. Беларусь Республикасының Стандарттау жөніндегі мемлекеттік комитетінің төрағасы Валентин Татарицкийдің сөзінше, мұндай тізілімді жүргізу өндірушілер уәкілеттік берген адамдарды да, шетелдіктерді қоса, өндірушілердің өзін де барынша дәл сәйкестендіруді қамтамасыз етеді.

Қатысушылар Одақ мемлекеттерінде референттік зертханалар жүйесін құру мәселесіне айрықша назар аударды. Талқылау барысында уәкілетті органдар оларды құруға орайлас ортақ тәсілдемелерді белгілейтін ұсыным қабылдау және құжатты Комиссия Алқасының отырысында қарау қажеттігі туралы бірыңғай позиция білдірді.Ұсыным мүше мемлекеттерде референттік зертханалар жүйесін құру үшін құқықтық негізді қамтамасыз ететін әдіснамалық құжат болып табылады.

Елдерде техникалық регламенттерді іске асыруды сүйемелдеп, олардың ғылыми-техникалық деңгейін бағалауды жүзеге асыра алатын орталықтар ретінде техникалық реттеу жөніндегі базалық ұйымдар құру ұсынылды. Осындай ұйымдардың тізілімін қалыптастыру мүмкіндігі қарастырылды.

Одақ шеңберінде стандарттау саласындағы жұмыстарды үйлестіру бойынша ЕЭК Алқасының ұсынымын қабылдау ұсынысы бірауыздан қолдау тапты. Құжат стандарттау жөніндегі ұлттық органдардың, соның ішінде мемлекетаралық стандарттарды жоспарлау мен әзірлеу және осындай жұмыстың тиімділігін арттыру жөніндегі өзара іс-қимылын жүйелейді. Құжат жобасында өнімді сынаудың стандартталған әдістерін әзірлеу бойынша іс-қимылды үйлестіру мәселелерін көрсетуге келісті.

Одақтың техникалық регламенттерін іске асыруды сүйемелдеу жөніндегі іс-шаралардың маңыздылығына байланысты техрегламенттердің және солармен байланысты стандарттардың ғылыми-техникалық деңгейін бағалау жөніндегі жұмысты елдермен тепе-теңдік негізінде қаржыландыру мүмкіндігін қарау ұсынылды. «Росстандарт» басшысы Антон Шалаевтың сөзінше, ЕАЭО-да стандарттарды әзірлеуді қаржыландырудың бірыңғай құралының жасалуы техникалық регламенттердің бірыңғай талаптарын орындау үшін стандарттармен дер кезінде қамтамасыз етуге ықпал еткен болар еді.

Анықтама:

Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесінің 2022 жылғы 17 наурыздағы № 12 өкімімен макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етуді қоса, Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің экономикаларының орнықтылығын арттыру жөніндегі шаралар тізбесі бекітілді.