Жаңалықтар

14.07.2022 (Обновлено: 21.07.2022 17:06)

ЕЭК Одақтың тауар жеткізу желісін дамытуға ықпал етеді

Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының мүшелері кезекті отырыста Еуразиялық даму банкімен бірлесіп дайындалған ЕАЭО-ның ортақ тауар бөлу желісін құру жөніндегі, соның ішінде ауыл шаруашылығы өнімінің үшінші елдердің нарықтарына экспортын ұлғайту мақсатындағы ұсыныстар туралы баяндаманы қарады.

«Одақтың ішінде де, одан тыс жерлерде де логистикаға және тасымалдауға байланысты мәселелер бүгінгі таңда бұрынғыдан да өзекті бола түсуде, өйткені соңғы бірнеше айдағы көптеген шектеу нәтижесінде маршруттар мен тауар ағыны күрт өзгерді», — деп атап өтті Артак Камалян.

Баяндамада ауыл шаруашылығы өнімі мен азық-түліктің негізгі сауда маршруттары, Одақ елдеріндегі саралап сақтау деңгейі, агрологистикалық инфрақұрылымды жетілдіруге деген қажеттілік айқындалған.
  Бұдан басқа, ауыл шаруашылығы өнімі мен азық-түліктің трансшекаралық саудасы кезінде шығындарды ұлғайтатын және одақтық жеткізушілердің бәсекеге қабілеттілігін төмендететін проблемалар анықталды, бұлар — өткізу қабілетінің төмендігі және жекелеген бақылау өткізу пункттерінде құжаттардың сәйкестігін қолмен тексерудің ұзақ уақыт алатындығы, жоғары транзакциялық шығындар, қағаз құжаттарды қайталап растаудың, верификациялаудың және басқалардың қажеттілігі.

Артак Камалян Одақтың барлық мемлекетінің тауар өндірушілері үшін тең жағдай жасаудың өзектілігін атап көрсетті және өткізілетін тауарларды ресімдеу рәсімін оңайлату жөнінде ұсыныстар берді. 

Бұл үшін міндетті цифрландырылған техникалық құжаттамаға және электрондық құжат айналымына бірыңғай стандарттарды белгілеу, мүше мемлекеттердің кедендік шекарасында кедендік инфрақұрылым элементтерін техникалық жарақтандыруға қойылатын типтік талаптарды біріздендіру, тауарларды қадағалап отырудың жалпыодақтық жүйесін іске асыру және дамыту, бақылаудың техникалық құралдарын пайдалану деңгейін арттыру, Еуразиялық кеңістікте бірлескен инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру үшін мемлекеттік қолдау мен жеңілдікті кредиттеудің жаңа құралдарын жасау және басқа да шаралар бойынша жұмысты кезең-кезеңімен жүргізген орынды болады.

ЕЭК Алқасының мүшелері Комиссияның мүше мемлекеттермен бірлесіп, осы бағыттағы жұмысты жалғастыруы қажеттігі жайында ортақ пікір білдірді.