Еуразиялық экономикалық комиссияның Техникалық реттеу жөніндегі министрі Валентин Татарицкий мен ЕЭК Санитариялық, фитосанитариялық және ветеринариялық шаралар департаменті директорының орынбасары Сымбат Қалиасқаров Римде Фитосанитариялық шаралар жөніндегі комиссияның (ФШК) отырысына қатысып, оның алаңында бірқатар жұмыс кездесуін өткізді.
Валентин Татарицкий мен Өсімдіктер карантині және қорғау жөніндегі халықаралық конвенция (ӨКҚХК) хатшылығының аға лауазымды тұлғасы Аветик Нерсисян ЕЭК пен ӨКҚХК арасындағы ынтымақтастықтың перспективалық бағыттары мен ықтимал нысандарын, соның ішінде бірлесіп іске асырылған іс-шараларды ескере отырып қарастырды. Тараптар өзара іс-қимылды нығайту туралы, атап айтқанда Еуразиялық экономикалық одақта қолданылатын нормаларды ӨКҚХК ережелерімен және фитосанитариялық шаралар жөніндегі халықаралық стандарттармен үндестіруді жалғастыру жайында уағдаласты.
ЕЭК пен мүше мемлекеттердің өсімдік қорғау және карантині жөніндегі ұйымдары өкілдерінің ФШК отырыстарына және Біріккен Ұлттар Ұйымының Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы (ФАО), ӨҚКХК, өсімдік қорғау және карантині жөніндегі өңірлік ұйымдар өткізетін басқа да іс-шараларға бұдан былай да қатысуы туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.
Валентин Татарицкий мен ӨКҚХК хатшылығының ендіру және жәрдемдесу жөніндегі бөлімшесі басшысы арасындағы жұмыс кездесуі барысында халықаралық сауданы жүзеге асыру кезінде жүктердің фитосанитариялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы деректермен және электрондық құжаттармен трансшекаралық алмасу мәселелері талқыланды.
"Одақ актілерінде ӨКҚХК мен ӨКҚЕҰ-ның озат практикалық тәжірибесін пайдалану Одақ елдерінің өсімдік карантині жөніндегі қызметтерінің фитосанитариялық әлеуетін дамытуға ықпал етеді. Бұл өз кезегінде мүше мемлекеттердің өсімдік карантині жөніндегі уәкілетті органдарына нарыққа қатысушылардың қызметін жүзеге асыру үшін қолайлы жағдайлар жасауға, фитосанитариялық сертификаттарды ресімдеу кезіндегі шығындарды, карантиндік фитосанитариялық бақылауды жүзеге асыруға арналған уақыт шығынын азайтуға және оның нәтижелерін ресімдеудің жеделдігін арттыруға мүмкіндік берді",-деп атап өтті ЕЭК министрі.
Валентин Татарицкийдің Өсімдіктер карантині және қорғау жөніндегі Еуропалық және Жерорта теңізі ұйымының (ӨКҚЕҰ) бас директоры Ольга Тиккамен кездесуінде ынтымақтастықты одан әрі дамыту бойынша ЕЭК дайындаған ұсыныстар талқыланды. Атап айтқанда, кешенді шараларды бірлесіп жүргізу арқылы фитосанитариялық бақылауды ұйымдастыруды жетілдіру, фитосанитариялық шаралар бойынша Одақ елдерінің өсімдік карантині жөніндегі ұлттық ұйымдарының халықаралық және өңірлік стандарттарды одан әрі үндестіруіне және практикаға ендіруіне жәрдемдесу, өсімдіктер карантині саласында тәжірибе алмасу мақсатында бірлескен іс-шаралар өткізу мәселелері бойынша.
ФШК отырысы аясында Валентин Татарицкий Беларусьтің, Қазақстанның және Қырғызстанның өсімдіктер карантині жөніндегі ұйымдарының өкілдерімен кездесу өткізді.