Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасы "Мамандандырылған тамақ өнімдерінің жекелеген түрлерінің, соның ішінде диеталық емдік және диеталық профилактикалық тамақтанудың қауіпсіздігі туралы" (КО ТР 027/2012), "Тағамдық қоспалардың, хош иістендіргіштердің және технологиялық қосалқы құралдардың қауіпсіздігі талаптары" (КО ТР 029/2012) және "Табиғи минералды суды қоса, қапталған ауыз судың қауіпсіздігі туралы" (ЕАЭО ТР 044/2017) техникалық регламенттерге стандарттардың тізбелерін өзектілендірді.
Тізбелерге Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер көрсетілген регламенттерге арналған бағдарламаларға сәйкес әзірлеген мемлекетаралық стандарттар кірді.
Атап айтқанда, КО ТР 027/2012 зерттеу әдістеріне арналған стандарттар тізбесіне алты мемлекетаралық стандарт енгізілді және алтауы (өзектілігін жоғалтқандары) алынып тасталды. Ерікті қолдану стандарттарының тізбесі және КО ТР 029/2012 зерттеу әдістеріне арналған стандарттардың тізбесі үш жаңа құжатпен толықтырылды, біреуі алынып тасталды. ЕАЭО ТР 044/2017 зерттеу әдістеріне арналған стандарттар тізбесіне бір стандарт қосылды, екі құжат алынып тасталды, ал тағы бір стандарттың қолданылу мерзімі шектелді.
Стандарттар тізбесін әзірлеу тәртібіне сәйкес мұндай өзгерістерді енгізу Еуразиялық экономикалық одақтың барлық елінің осындай стандарттарға қосылуы жағдайымен стандарттау жөніндегі уәкілетті органдардың ұсыныстары негізінде жария талқылау рәсімдері жүргізілмей және бейінді Консультативтік комитеттің отырысында қаралмай жүзеге асырылады.
ЕЭК Алқасы қабылдаған түзетулер Комиссияның тиісті шешімдері ресми жарияланған күннен бастап күнтізбелік 180 күн өткен соң күшіне енеді.