Еуразиялық экономикалық комиссияның монополияға қарсы реттеу департаменті Беларусь Республикасында медициналық қолдану үшін тіркелген «Полиметилсилоксан полигидрат» белсенді заты бар дәрілік препараттарды көтерме саудада өткізу бойынша трансшекаралық нарықта бәсекелестіктің жалпы ережелерін бұзу туралы істі қарауды бастады. Осындай препараттардың бірі «Энтеросгель» болып табылады.
Іс монополияға қарсы тергеу қорытындысы бойынша басталды, оның барысында Еуразиялық экономикалық одақтың құқығымен тыйым салынған бәсекелестікке қарсы келісімнің белгілері анықталды. Ресей мен Беларусьтің шаруашылық жүргізуші субъектілері арасындағы дәрілік заттарды жеткізу шартында трансшекаралық нарықтағы бәсекелестікке теріс әсер етуі мүмкін талап бар. Сатып алушы дәрі-дәрмектерді сатушының жазбаша келісімінсіз оларды сатып алу бағасынан төмен бағаға сата алмайтыны анықталды.
Сонымен қатар, монополиялық жоғары бағаны белгілеу бөлігінде Беларусь аумағында «Полиметилсилоксан полигидрат» белсенді заты бар дәрілік препараттар нарығында ресейлік субъектінің өзінің үстем жағдайын теріс пайдаланып отырғаны анықталды. ЕЭК департаменті аталған дәрілік препараттарды Одақ елдерінен Беларуське жеткізетін дистрибьютерлердің шектеулі санына, сондай-ақ ЕАЭО-ның басқа елдеріндегі нарықпен салыстырғанда олардың қымбат бағасына назар аударды.
Ресейдің шаруашылық жүргізуші субъектісінің аталған тауар нарығында тек Беларусь аумағында басым жағдайға ие болуына байланысты материалдар Беларусь Республикасының Монополияға қарсы реттеу және сауда министрлігіне жіберілді.
ЕАЭО құқығымен «бестік» елдерінің ұлттық монополияға қарсы органдарының, сондай-ақ іс бойынша ықтимал бұзушылардың қатысуымен істі қарау үшін 120 жұмыс күннен аспайтын мерзім белгіленді. Осы кезеңде «Полиметилсилоксан полигидрат» белсенді заты бар дәрілік препараттар нарығында бәсекелестіктің жалпы ережелерін бұзу белгілерінің бар екенін немесе жоқ екенін анықтау қажет.
Істі қарау нәтижелері шешім қабылдау үшін ЕЭК Алқасына ұсынылатын болады.