Интеграция және макроэкономика жөніндегі министр Эльдар Алишеровтің төрағалығымен өткен Макроэкономикалық саясат жөніндегі консультативтік комитеттің отырысында Еуразиялық экономикалық одақ елдеріндегі макроэкономикалық жағдаят және орнықты экономикалық дамуды қамтамасыз ету жөніндегі ұсыныстар туралы баяндама қаралды. Сарапшылардың бағалауы бойынша, Одақ елдерінің экономикасы ағымдағы жылы экономикалық өсудің орнықты қарқынын сақтайды, олар 2024 жылдың қорытындысы бойынша орташа әлемдік деңгейден жоғары болады деп күтілуде.
Баяндамада әлемдік экономиканың даму үрдістері, серпіні, сондай-ақ ЕАЭО елдерінің экономикалық даму перспективалары баяндалған. Еуразиялық "бестік" елдерінде бюджеттік және борыштық тұрақтылық сақталатыны да атап өтілген. Сонымен бірге баға тұрақтылығына қол жеткізу мүше мемлекеттердің макроэкономикалық саясаты басымдықтарының бірі болып қала береді.
Консультативтік комитеттің отырысында интеграциялық процестердің 2016 – 2023 жылдар ішіндегі ЕАЭО мемлекеттерінің экономикасына әсерін бағалау да таныстырылды. Тараптар атқарылған жұмыстың маңыздылығын атап көрсетті, интеграциялық процестердің әсерін бағалау әдістемесін жетілдіру де жалғастырылады деп шешті.
Отырысқа қатысушылар 2025 жылға арналған, макроэкономикалық орнықтылық мониторингінің, интеграциялық әсерлердің әсерін бағалаудың және макроэкономикалық болжаудың қолданылатын әдістемелерін одан әрі жетілдіру мен дамытуды қамтитын бірлескен жұмыс жоспарларын талқылады.
ЕАЭО туралы шарттың 63-бабына сәйкес экономикалық дамудың орнықтылығын айқындайтын макроэкономикалық көрсеткіштерге инфляция деңгейі, мемлекеттік басқару секторы бюджетінің тапшылығы және мемлекеттік басқару секторының борышы жатады.