Жаңалықтар

13.03.2025

Эльдар Алишеров: "Еуразиялық экономикалық интеграция ЕАЭО елдері дамуының түйінді көрсеткіштерінің айтарлықтай өсуін қамтамасыз етеді"

"ЕАЭО: Еуразиядағы ең ірі интеграциялық бірлестіктің жұмыс істегеніне 10 жыл" онлайн-конференциясында ЕЭК Интеграция және макроэкономика жөніндегі министрі Эльдар Алишеров Еуразиялық экономикалық одақтың он жылдық жұмысы ішінде қол жеткізілген Еуразиялық экономикалық интеграцияның жетістіктері туралы айтып берді. ЕЭК министрі 2030 және 2045 жылдарға дейін ЕАЭО-дағы экономикалық процестерді одан әрі дамыту туралы декларацияны іске асыру үшін қабылданатын шараларға айқындап айтты және сыртқы тректегі әріптестермен өзара іс-қимылдың оңтайлы форматтарын құрып, дамытуға назар аударды.

Эльдар Алишеров Еуразиялық экономикалық интеграция Еуразиялық "бестік"елдерінің дамуының түйінді көрсеткіштерінің айтарлықтай өсуін қамтамасыз ете отырып, экономикаға күшті тұрақтандырушы әрі ынталандырушы әсер беретінін атап өтті.

"Өңірдегі сауданың, көлік-логистика маршруттарының, еңбек көші-қонының және қаржы ағындарының жаңа конфигурациясы белсенді экономикалық саясатпен қатар ЕАЭО-да белсенді экономикалық өсуді ынталандырды. ЕЭК бағалауы бойынша 2024 жылы ЕАЭО-дағы ЖІӨ-нің нақтылы көлем индексі 2014 жылға қарағанда 117,6% құрады. Жекелеген мүше мемлекеттер бойынша ЖІӨ өсімі неғұрлым маңызды болды, мысалы, Арменияда 1,6 есе, Қырғызстанда 1,6 есе, Қазақстанда 1,3 есе болды", — деді Эльдар Алишеров.

ЕЭК министрі сондай-ақ, ЕАЭО-дағы өзара және сыртқы сауданың статистикалық көрсеткіштеріне назар аударды. Объективті деректер мүше мемлекеттер арасындағы сауда көлемінің едәуір ұлғаюын, сондай-ақ сыртқы экономикалық белсенділіктің өсуін айғақтайды. "ЕАЭО сыртқы сауда айналымында өзара сауда айналымы үлесінің өсуі 2015 жылғы 13,5%-ға қарағанда 2024 жылы 19,8%-ға дейін өсті. Одақтағы өзара тауар саудасының көлемі 2015 жылдан бастап екі есе артып, 2024 жылы 100 млрд АҚШ долл. жетті", — деп әңгімеледі ЕЭК министрі.

ЕЭК Интеграция және макроэкономика жөніндегі блогының басшысы бүгінгі күнге дейін ЕАЭО әлемдік экономикалық архитектураның маңызды элементі ретінде қалыптасқанына сенімді. "Қарымды әріптестерді қамтитын және мүше мемлекеттер экономикасының орнықтылығын арттыру, ЕАЭО-ны экономикалық қатынастардың әлемдік архитектурасына кіріктіру, экспорт географиясы мен көлемін кеңейту, сондай-ақ шетелдік инвестициялар мен технологияларды тарту міндеттерін шешу мүддесінде кешенді диалог жүргізуге мүмкіндік беретін икемді инфрақұрылым құрылды", – деп атап өтті ол.

Комиссия әмбебап және бейінді халықаралық ұйымдармен өзара түсіністік туралы 46 меморандум, өңірлік интеграциялық және мемлекетаралық бірлестіктермен 14 меморандум, сондай-ақ үшінші елдердің үкіметтерімен, министрліктерімен, ведомстволарымен ынтымақтастық туралы 30 меморандум жасасты. Бұдан басқа, ЕАЭО мен үшінші елдер (Вьетнам, Иран, ҚХР және Сербия) арасындағы төрт сауда келісімі бар.

Қазіргі уақытта БАӘ, Индонезия және Моңғолиямен сауда режимдерін ырықтандыру туралы уағдаластыққа қол жеткізу бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде. Одақпен диалогқа Оңтүстік Шығыс Азия елдері аса қызығушылық танытуда. АСЕАН-мен, сондай-ақ осы өңірдің елдерімен екіжақты негіздегі қарым-қатынас белсенді дамуда.

"Ең жақын әріптестер – ТМД, ШЫҰ, БРИКС, АСЕАН елдерімен қарым-қатынас басымдықты болып қала беретіні сөзсіз. Геоэкономиканың күрделілігіне қарамастан, Одақтың жаңа әріптестерінің саны артып келеді", – деп атап көрсетті Эльдар Алишеров

Одақ сауда келісімдерін жасасқан немесе байқаушы мәртебесін берген, ал Комиссия өзара іс-қимыл туралы меморандумға қол қойған үшінші елдер мен өңірлік экономикалық интеграция бірлестіктерінің ЖІӨ 71,9 трлн АҚШ долл. (Дүниежүзілік банктің деректері бойынша, сатып алу қабілетінің паритеті бойынша) немесе әлемдік ЖІӨ-нің 49,9%-ын құрайды. Бұл елдердің халқының саны 4,3 миллиард адам немесе әлем халқының 53,5%-ы.