2023 жылғы 6 маусымда Гянджа қаласында (Әзірбайжан Республикасы) өткен Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің Кеден қызметтері басшылары кеңесі сарапшыларының отырысында Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік реттеу саласындағы халықаралық шарттар мен актілердің қолданылуын біріздендіру жөніндегі маңызды бағыттар қаралды. Іс-шараға Еуразиялық экономикалық комиссияның кедендік ынтымақтастық жөніндегі министрі Эльдар Алишеров қатысты.
ЕЭК министрі ТМД кеңістігіндегі салалық ынтымақтастықтың ең табысты әрі нәтижелі алаңдарының бірі болып табылатын Кеден қызметтері басшылары кеңесінің маңыздылығын атап өтті. Кеңесте ТМД-ға мүше мемлекеттердің кеден қызметтерінің өзара іс-қимылын үйлестіру жүзеге асырылады.
«Кеңес қызметінің тарихы ол қарастыратын мәселелердің маңызының зор екенін көрсетеді. Бұл, мысалы, кедендік ресімдеу және бақылау мақсаттарына арналған кедендік ережелер мен құжат нысандарын біріздендіру, сыртқы сауда статистикасының деректерімен алмасуды ұйымдастыру, кедендік шекараларды жайластыру бойынша кеден қызметтерінің өзара іс-қимылын үйлестіру және құқық қорғау саласындағы ынтымақтастық», — деп атап өтті Эльдар Әлішеров.Отырыс барысында тараптар кедендік өзара іс-қимылдың бірқатар мәселелері бойынша шешімдер қабылдады, оның ішінде ТМД елдерінің кеден органдарының көліктік және коммерциялық құжаттарға мөрлер мен мөртабандар басу тәртібі туралы келісімге одан әрі қол қою үшін мемлекетішілік келісу рәсімдері процестерін жеделдету мәселесі пысықталды. Бұл құжатты қабылдау жүктердің шекарадан өтуін жеделдетуге, құжаттамалық бақылау рәсімдеріндегі бар айырмашылықтарды жоюға мүмкіндік береді.
ТМД сыртқы экономикалық қызметінің бірыңғай Тауар номенклатурасының құрылымын оңтайландыруға қатысты шешімдер қабылданды, бұл барлық қатысушы мемлекеттердің кедендік статистикасының деректерін дұрыс жасауға, кедендік-тарифтік және тарифтік емес реттеу шараларының дұрыс қолданылуын қамтамасыз етуге, сондай-ақ жіктеу мәселелері бойынша ықтимал сот талқылауларының алдын алуға мүмкіндік береді.
Қатысушылар Дүниежүзілік кеден ұйымы алаңындағы ынтымақтастықтың негізгі бағыттары бойынша позицияларды үйлестірді.