Эльдар Алишеров: «ЕЭК-тің ДКҰ Кеңесінің жыл сайынғы отырыстарына қатысуы халықаралық кеден қоғамдастығымен нәтижелі диалог құруға мүмкіндік береді»

Еуразиялық экономикалық комиссияның Кедендік ынтымақтастық жөніндегі министрі Эльдар Алишеров Брюссельдегі (Бельгия) Дүниежүзілік кеден ұйымының (ДКҰ) штаб-пәтерінде оның кеңесінің отырыстарына қатысты.

«Комиссияның ДКҰ Кеңесінің жыл сайынғы отырыстарына қатысуы ЕЭК Кедендік ынтымақтастық жөніндегі блогы жұмысының өзекті бағыты болып табылады және кедендік реттеуді жетілдіру мен сауда рәсімдерін оңайлату процесіне тартылған халықаралық кеден қоғамдастығымен және халықаралық ұйымдармен нәтижелі диалог құруға мүмкіндік береді», — деп атап өтті Эльдар Алишеров.

Іс-шара шеңберінде ДКҰ-ның халықаралық кедендік ынтымақтастығының институттық даму, тарифтер мәселелері (тауарлардың шығу тегі, бағасы және сыныпталуы), заңнаманы сақтау және сауда рәсімдерін жеңілдету, ДКҰ саясаты, қаржы сияқты бағыттары бойынша 2023–2024 жылдардағы жұмысы туралы есептері қаралды.

Отырыстардың түйінді тақырыптары кедендік әкімшілендіру құралдарын жетілдіру, кеден органдарының өзара іс-қимылы, сауда рәсімдерін оңайлату, ДКҰ жұмыс органдары қызметінің нәтижелері туралы есептер беру болды.

Эльдар Алишеровтың пікірінше, мұндай ынтымақтастықтың келешегі айқын — Кеңес шеңберінде мүше мемлекеттердің кеден жүйелерінде келісімділік пен біркелкіліктің ең жоғары дәрежесі қамтамасыз етіледі, осыған байланысты кеден технологиялары мен кеден заңнамасын дамытып, жетілдіруге байланысты проблемалар зерттеледі. Бұл ретте Комиссия ДКҰ байқаушысы ретінде халықаралық кеден қоғамдастығында Еуразиялық экономикалық одақтың оң бейнесін қалыптастырады.

Комиссияның ДКҰ Кеңесімен ынтымақтастығы, сондай-ақ ЕЭК өкілдерінің 2016 жылғы 17 маусымдағы ЕЭК пен ДКҰ арасындағы Өзара түсіністік туралы меморандум шеңберінде ДКҰ техникалық комитеттеріндегі отырыстарға қатысуы жалғасатын болады.