Жаңалықтар

15.05.2025

Эльдар Алишеров Қырғызстан Жогорку Кенешінің депутаттарымен кездесті

Еуразиялық экономикалық комиссияның Интеграция және макроэкономика жөніндегі министрі Эльдар Алишеровтің Қырғыз Республикасының Жогорку Кенеші депутаттарымен кездесуінде Қырғыз Республикасының Еуразиялық экономикалық одақ бойынша әріптестерімен экономикалық ынтымақтастығын одан әрі дамыту талқыланды. Еуразиялық экономикалық интеграцияны дамытудың 2025 жылға дейінгі стратегиялық бағыттарын іске асыруға және Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде экономикалық процестерді одан әрі дамыту туралы 2030 жылға дейінгі және 2045 жылға дейінгі кезеңге арналған "Еуразиялық экономикалық жол" декларациясына баса назар аударылды.

Кездесуге сондай-ақ ЕЭК Макроэкономикалық саясат департаментінің директоры Алексей Ведев қатысты, ол 2024 жылы Қырғызстан әлемдік орташа деңгейден (3,2%) бірнеше есе асып түсетін экономикалық өсудің жоғары қарқыны — 9%-ға қол жеткізгенін атап өтті. Оның сөзінше, бұл ұлттық деңгейде қабылданған шаралар мен макроэкономикалық басқару сапасының, сондай-ақ экономикалық дамудың орнықтылығы мен теңгерімділігін арттырудың нәтижесі болып табылады.

ЕЭК-тің бағалауы бойынша, экономикалық өсу жоғары инвестициялық белсенділікке және көлеңкелі экономика деңгейінің төмендеуіне негізделген. Баға тұрақтылығы қамтамасыз етілді: тұтыну бағасының өсуі 6,3% құрады, бұл инфляция бойынша орташа мерзімді нысаналы бағдарға сәйкес келеді. Бюджеттік және борыштық орнықтылық өсті: бюджет профицитпен орындалды, ал мемлекеттік борыштың ЖІӨ-ге қатысты деңгейі айтарлықтай төмендеді.

Қабылданып жатқан шаралар оң макроэкономикалық динамиканы сақтауға мүмкіндік береді — мұны 2025 жылғы I тоқсандағы Қырғызстанның әлеуметтік-экономикалық дамуының Комиссия өткізген мониторингінің қорытындылары растайды.