Еуразиялық үкіметаралық кеңес 2023 жылы кедендік әкелу баждарын бөлу туралы есепті қарады

Еуразиялық үкіметаралық кеңес 2023 жылы кедендік әкелу баждарының сомаларын есепке алу және оларды Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің бюджеттері арасында бөлу туралы есепті қарады. Құжатқа сәйкес, мүше мемлекеттердің бюджеттеріне әкелу баждарының түсімдері 2022 жылмен салыстырғанда 46,8%-ға өсіп, рекордтық 14,8 млрд долларға жетті. 2023 жылы жиналған және бөлінген баж сомасы 2015 жылдан бастап ең жоғары болды.

«2023 жылы кедендік әкелу баждарының өсуі ЕАЭО-ның тұрақты жұмыс істеуін және оның қатысушы елдердің экономикасына оң әсерін айғақтайды. Сондай-ақ, бұл біздің сауда байланыстарын нығайта отырып, бизнес үшін қолайлы жағдай жасай отырып, дұрыс бағытта келе жатқанымызды білдіреді», - деп атап өтті ЕЭК экономика және қаржы саясаты министрі Бақыт Сұлтанов.

ЕАЭО туралы шартқа сәйкес Комиссия жыл сайын үкіметаралық кеңестің қарауына кедендік әкелу баждарының сомаларын есепке алу және қатысушы елдердің бюджеттері арасында бөлу туралы есепті ұсынады.

«Біз кеден заңнамасын оңтайландыру және ЕАЭО ішінде сауданың одан әрі өсуін ынталандыру үшін бизнеске қолайлы жағдайлар жасау жөніндегі жұмысты жалғастырамыз. - деп қорытындылады ЕЭК министрі. - Кедендік түсімдердің өсуі елдерге бюджеттік кірістерді ұлғайтуға және әлеуметтік-экономикалық бағдарламаларды қаржыландыруға мүмкіндік береді».