Еуразиялық экономикалық комиссияның Өнеркәсіптік саясат департаменті директорының орынбасары Георгий Арзуманян Беларусь пен Ресей өңірлерінің XI форумында Еуразиялық экономикалық одақтағы өнеркәсіптік жобаларды қаржыландырудың жаңа механизмін таныстырды.
Георгий Арзуманян ЕАЭО-да экономиканың нақты секторындағы бірлескен бастамаларды қолдаудың жаңа ұлтүсті құралын іске қосуды нормативтік-құқықтық қамтамасыз ету бөлігінде атқарылған жұмыс туралы айтып, өнеркәсіп салаларындағы бірлескен кооперациялық жобаларды іріктеу, бекіту және іске асыру жөніндегі негізгі тәсілдемелермен таныстырды.
«Өнеркәсіп салаларындағы бірлескен кооперациялық жобаларға қаржылай жәрдемдесудің жаңа ұлтүсті механизмі ЕАЭО елдерінің кәсіпкерлерімен әріптестік шеңберінде ынтымақтастық әлеуетін анықтауға және практикалық іске асыруға бағытталған және технологиялық әрі индустриялық егемендікті нығайтуға пәрменді үлес қосуға мүмкіндік береді», — деп атап көрсетті ол.
Бұдан өзге, Георгий Арзуманян сессияға қатысушылар назарына ЕАЭО-дағы кооперациялық ынтымақтастықты қаржылай емес қолдау құралы — Еуразиялық технологиялық платформаларды ұсынды.
«Еуразиялық технологиялық платформалар ұлттық өнеркәсіптік кешендердің өзара тиімді инновациялық дамуын ынталандыру, перспективалы коммерциялық технологияларды, жоғары технологиялық және бәсекеге қабілетті өнімдерді құру және енгізу үшін мүше мемлекеттердің ғылыми-техникалық және инновациялық салалардағы әлеуеттерін біріктіреді», — деп атап өтті Георгий Арзуманян.Сөзінің соңында ол мүдделі қатысушыларды, әсіресе өңірлердегі қатысушыларды, аталған механизмнің жай-жапсарымен таныстыруға дайындық екендіктерін білдірді, сондай-ақ Екатеринбургте 8–11 шілде аралығында өтетін ИННОПРОМ халықаралық өнеркәсіптік көрмесінде ұсынылатын Комиссия стендін көруге шақырды.