Еуразиялық үкіметаралық кеңес өнеркәсіп салаларында бірлескен кооперациялық жобаларды іріктеу және оларды Еуразиялық экономикалық одақ мемлекеттері іске асырған кезде қаржылық көмек көрсету туралы қағиданы бекітті.
Қағида Еуразиялық экономикалық одақ елдері мемлекеттері мен үкіметтері басшыларының тапсырмаларына сәйкес әзірленді және Одақтағы өнеркәсіптік кооперацияға қаржылай жәрдемдесудің жаңа бағдарламасының негізгі құжаты болып табылады.
«Бұл механизм өнеркәсіпті интеграциялық дамыту жолындағы серпінді оқиға болып табылады, өйткені экономиканың нақты секторында кооперацияны ынталандыру үшін ұлттықтан жоғары қаржы құралы алғаш рет қалыптасуда. Өнеркәсіптік кооперацияға қаржылай жәрдемдесу бағдарламасы көпжақты ынтымақтастықты дамытудың жаңа кезеңін ашады және біздің елдеріміздің одан әрі технологиялық дамуына ықпал ететін болады. Жаңа механизм өнеркәсіптік әлеуетті дамыту және нығайту үшін жинақталған әлеуетті іске асыруды ынталандыруға, оның ішінде шағын экономикалар үшін жаңа технологиялық шешімдерді әзірлеуге және енгізуге қолжетімділікті қамтамасыз етуге кепілдік беруге арналған, бұл өз өндірістік әлеуетін ұлғайту және тұтастай алғанда еуразиялық кеңістікте интеграциялық процестерді дамыту үшін қажетті алғышарттар жасайды», — деп атап өтті ЕЭК өнеркәсіп және агроөнеркәсіптік кешен министрі Артак Камалян.
Қабылданған Қағида жобаларды іріктеу тәртібі мен критерийлерін, қарыз алушылар мен қаржы ұйымдарына қойылатын талаптарды, механизмге қатысу үшін өтінім беру рәсімін, кооперациялық жобаларды іске асыру үшін тараптардың әрқайсысын жауапкершілігін және бақылауын айқындайды.
Жобаларды таңдау критерийлері бірнеше негізгі шарттарды орындау болып табылады. Кооперациялық жоба, егер оның қатысушылары Одақтың үш және одан да көп мемлекеттерінің кәсіпорындары болса, қаралуы мүмкін. Қағидаға сәйкес жоба бір немесе бірнеше маңызды нәтижелерге қол жеткізуге бағытталуы керек, мысалы, жаңа кәсіпорын құру немесе оны қайта жарақтандыру, қосылған құн тізбегін қалыптастыру, экспортты ұлғайту, сауда немесе инвестиция көлемін ұлғайту. Ал кәсіпкерлер оны бес жыл мерзімде іске асыруы тиіс.
Егер қаржылық көмектің сандық көрсеткіштері туралы айтатын болсақ, қазіргі уақытта тараптар мыналар туралы келісті: субсидия мөлшері жобаны қаржыландыру жүргізілетін ұлттық валютаның негізгі (есептік) мөлшерлемесінің (100% негізгі мөлшерлемесінің) мөлшеріне тең, бұл ретте жылына бір жоба бойынша субсидияның ең жоғары мөлшері 350 млн ресей рублінің баламасынан аспауы тиіс. Механизмге қатысатын банктің ең жоғары мөлшерлемесі 6,5%-ға ұлғайтылған негізгі мөлшерлеме деңгейінен аспауға тиіс. Кооперациялық жобалардың келіп түсуіне қарай Комиссия жылына екі рет олардың тізбелерін жасайды және балдық жүйе бойынша келіп түскен бастамалардың басымдылығын саралайтын болады.
«Кооперациялық жобаларды қолдау бағдарламасы келесі жылы іске қосылады деп үміттенеміз. Бұған Одақ бюджетінде шамамен 1,8 млрд ресей рублі қарастырылған және біз механизмді толыққанды іске қосу үшін қызықты жоба ұсыныстарын күтеміз», — деп түсіндірді Артак Камалян.
Анықтама
Шешім 2023 жылғы 25 мамырда қол қойылған Одақ мемлекеттерінің өнеркәсіп салаларында бірлескен кооперациялық жобаларды іске асыруы кезінде қаржылық жәрдем көрсету бөлігінде ЕАЭО туралы шартқа өзгерістер енгізу туралы хаттама күшіне енген күннен бастап күшіне енеді.