Еуразиялық экономикалық форумда АӨК-ті дамытудың жаһандық сын-қатерлері мен ашылып жатқан мүмкіндіктері талқыланды

Еуразиялық экономикалық одақ мемлекеттерінің агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың өзекті мәселелері Мәскеудегі II Еуразиялық экономикалық форумның іскерлік бағдарламасы аясында «АӨК дамытудың қазіргі заманғы парадигмасы: жаһандық сын-қатерлер, ашылатын мүмкіндіктер» панельдік сессиясында қаралды.

Спикерлер күрделі экономикалық жағдайларға қарамастан, мүше мемлекеттер мен Еуразиялық экономикалық комиссияның бірлесіп қабылдаған шараларының арқасында ЕАЭО елдерінің агроөнеркәсіптік кешенінің қарқынды дамуы қамтамасыз етілгенін атап өтті.

«Одақ елдерінің ауыл шаруашылығындағы жұмыстар оң нәтижелерін көрсетуде. Соңғы бес жылда өндіріс көлемінің өсуі 114,4% құрады, жемістерді қоспағанда, негізгі ауыл шаруашылығы өнімдері бойынша өзін-өзі қамтамасыз етудің жоғары деңгейіне қол жеткізілді. Сонымен қатар, ЕАЭО елдері материалдық-техникалық ресурстар бойынша айтарлықтай импорттық тәуелділікке ие бола отырып, елеулі сын-қатерлерге тап болуда. 2022 жылы Одақ нарығына өндіріс құралдарының сыртқы жеткізілімдері 5 млрд. доллардан асып түскен. Бұл жағдай тек қиындық ретінде ғана емес, сонымен бірге осы бағыттарды дамыту мүмкіндігі ретінде де қарастырылады. ЕЭК АӨК-те импортты алмастыру және мүше мемлекеттерде инновациялық технологияларды енгізу бойынша бірлескен шаралар қабылдау арқылы жұмыс жүргізуде», — деп атап өтті ЕЭК өнеркәсіп және агроөнеркәсіптік кешен министрі Артак Камалян.

ЕАЭО АӨК-тің әлемдік аренада маңызды ойыншы ретінде қалыптасуын назарға ала отырып, сессияға қатысушылар Одақ елдерінің технологиялар мен инновациялар, логистика және тасымалдау, цифрландыру саласындағы ынтымақтастығын одан әрі тереңдету және әлемдік экономикадағы үйлесімсіздіктерге төзімді жоғары технологиялық және бәсекеге қабілетті агроөнеркәсіптік өндірісті қалыптастыру үшін саланың кадрлық әлеуетін нығайту қажеттігін атап өтті.

Осыған байланысты біртұтас экожүйені құру және мемлекеттік реттеудің, саланы дамытуды қолдаудың, озық технологияларды, цифрлық платформалар мен агроазық-түлік секторын басқару жүйелерін пайдаланудың тиімді құралдары негізінде іс-шаралар кешенін іске асыру мүше мемлекеттердің агроөнеркәсіптік саладағы ынтымақтастығының басымдығы болуға тиіс.

Панельдік сессияға қатысушылар инновациялық, жоғары технологиялық құралдарды, ең алдымен ауыл шаруашылығында тұрақты табиғат пайдалану үшін одан әрі енгізуге қатысты бірқатар ұсыныстарды (циркулярлық экономика) талқылап, қолдады және ауыл шаруашылығы дақылдарының селекциясы мен тұқым шаруашылығын қарқындату, асыл тұқымды ауыл шаруашылығы жануарларының генетикалық әлеуетін арттыру негізінде саланың бәсекеге қабілеттілігін арттыру қажеттілігімен келісті. Сонымен қатар нақты егіншілік әдістерін, ақылды ауылшаруашылық техникасын, мал шаруашылығының балама түрлерін өндіруді кеңейту үшін күш-жігерді үйлестірудің маңыздылығы туралы да сөз болды.

Пікірсайысқа қатысушылар ЕАЭО-да органикалық ауыл шаруашылығы өнімдерінің ортақ нарығын қалыптастыруды және осындай өнімдерге сұраныс пен өндірісті ынталандырудың мемлекеттік бағдарламаларын іске асыруды қолдады. Тараптар сондай-ақ үлкен деректерді талдау, өнімді жеткізу тізбегінде жасанды интеллект пен блокчейн технологиясын қолдану негізінде АӨК-те цифрлық басқару жүйелерін дамыту үшін өзара іс-әрекетті ұлғайтуға және бірыңғай желілік стандарттарды, көтерме-тарату орталықтарының қызмет қағидаттарын, технологиялары мен қағидаларын пайдалана отырып, тауар тарату желілерін дамытуға келісті.

Ұсынылған ұсыныстар АӨК саласындағы уәкілетті мемлекеттік басқару органдарының қатысуымен Еуразиялық экономикалық комиссия алаңында қаралатын болады.

Анықтама

Еуразиялық экономикалық форум – қазіргі уақытта Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңесте, Еуразиялық үкіметаралық кеңесте және Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесінде төрағалық ететін ЕАЭО мемлекетінде кезекпен өткізілетін Еуразиялық экономикалық одақтың жыл сайынғы іскерлік іс-шарасы. Форум ірі, орта және шағын бизнес өкілдеріне, мемлекеттік билік органдарының басшылары мен өкілдеріне, сондай-ақ үшінші елдер үкіметтерінің басшылары мен мүшелеріне, Одақ аясындағы өзара іс-әрекетті дамытуға мүдделі халықаралық, ғылыми және білім беру ұйымдарының өкілдеріне бағытталған.