Гоар Барсегян: « Еуразиялық технологиялық платформалар – ЕАЭО-дағы инновациялық қызметті үйлестірудің негізгі құралдарының бірі»

19 маусымда Еуразиялық экономикалық комиссия алаңында ЕЭК өнеркәсіп және агроөнеркәсіптік кешен министрі Гоар Барсегянның төрағалығымен Еуразиялық технологиялық платформалардың (ЕТП, техникалық платформалар) II съезі өтті.

Қолданыстағы 18 техникалық платформаның өкілдерімен олардың қызметінің маңыздылығын арттыру және танымал ету мәселелері, қолдау механизмдері, сондай-ақ ЕТП бастамашылық еткен мемлекетаралық бағдарламалар мен жобаларды әзірлеу мен іске асыруды қаржыландыру мәселелері талқыланды.

Гоар Барсегян ғылыми-техникалық және инновациялық салаларда кооперацияны дамыту Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) мемлекеттерінің өнеркәсіптік дамуы үшін аса маңызды екенін атап өтті.

«ЕАЭО кеңістігіндегі инновациялық қызметті үйлестірудің негізгі құралдарының бірі, инновациялық саладағы кооперация мен ынтымақтастықтың қозғаушы күші – мемлекетаралық бағдарламалар мен жобаларды іске асыру арқылы экономиканың неғұрлым перспективалы және ғылымды қажетсінетін индустриялық секторларына одақтас елдердің үздік әзірлемелерін біріктіретін және енгізе алатын еуразиялық технологиялық платформалар институты болып табылады», – деп атап өтті ол.

Министр ЕАЭО-да өнеркәсіптік кооперацияны жандандыру үшін бірлескен жобаларды іске асыруды қолдаудың жаңа қаржылық механизмі туралы хабарлады.

«Қаржыландыру механизмі ретінде Комиссияның бюджетінен кооперациялық жобаларды іске асыруға берілген екінші деңгейдегі банктердің кредиттері мен қарыздары бойынша пайыздық мөлшерлемелерді субсидиялау айқындалды», – деді Гоар Барсегян, мұндай жобаларға Комиссияның ағымдағы жылға арналған бюджетінде шамамен 1,8 млрд рубль көзделгенін де айтып өтті.

Өз кезегінде ЕТП қатысушылары ЕЭК-пен табысты өзара іс-қимыл тәжірибесін, салалық мәселелерді шешуде Комиссияның үйлестіру рөлінің маңыздылығын атап өтті, сондай-ақ техникалық платформалар институтын одан әрі дамыту бойынша өз ұсыныстарын берді.

Съездің қорытындысы бойынша қарар қабылданды, оған сәйкес еуразиялық ЕТП қызметінің тиімділігін арттыру, олардың рөлін күшейту және барлық кезеңдерде оларды қаржыландыру көздері бөлігінде мемлекетаралық бағдарламалар мен жобаларды іске асырудың жаңа механизмдері бойынша ұсыныстар әзірлеу жөнінде бірқатар шаралар көзделген.