Жаңалықтар

17.04.2024

Гоар Барсегян Қазақстан Үкіметінің өкілдерімен ЕАЭО-да өнеркәсіп және АӨК салаларын дамыту мәселелерін талқылады

17 сәуірде Еуразиялық экономикалық комиссияның Өнеркәсіп және агроөнеркәсіптік кешен министрі Гоар Барсегян Қазақстанға жасаған жұмыс сапары аясында ЕЭК Кеңесінің мүшесі, Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары Серік Жұманғаринмен, Қазақстан Республикасы ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровпен, Қазақстан Республикасы сауда және интеграция вице-министрі Жанель Кушуковамен және Қазақстан Республикасы өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Жаннат Дубировамен кездесулер өткізді.

Гоар Барсегян Серік Жұманғаринмен кездесу барысында өнеркәсіп пен агроөнеркәсіптік кешеннің негізгі мәселелерін, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық интеграцияның бірқатар өзекті тақырыптарын талқылады. Тараптар жоғарыда аталған салалар бойынша ынтымақтастықты дамыту туралы уағдаласты.

ЕЭК министрі Айдарбек Сапаровпен кездесуде Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде келісілген агроөнеркәсіптік саясатты іске асыру және Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешенін дамыту, АӨК-ті цифрлық дамыту, ауыл шаруашылығы өсімдіктері тұқымдарының айналымы (ГИМ-тұқымдар бөлігінде) мәселелері қозғалды.

Гоар Барсегян мен Жанель Кушукова Одақ органдарының алдағы отырыстарының күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді қарастырды. ЕЭК министрі Жанель Кушуковаға мүше мемлекеттердің өнеркәсібіндегі бірлескен кооперациялық жобаларға қаржылай жәрдемдесу механизмін іске асырудың ағымдағы мәселелері туралы айтты.

Жаннат Дубировамен өткен кездесуде ЕАЭО шеңберінде 2030 жылға дейін өнеркәсіптік ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын әзірлеу талқыланды.