Гоар Барсегян: «Еуразиялық интеграцияның маңызды жетістіктерінің бірі – ЕАЭО-дағы кооперациялық жобаларды қаржылық қолдау механизмі»

19 сәуірде Еуразиялық экономикалық комиссияның өнеркәсіп және агроөнеркәсіптік кешен министрі Гоар Барсегян Дүниежүзілік «Жаңа дәуір – жаңа жолдар» форумының «Ірі еуразиялық әріптестік – мемлекеттер мен интеграциялық құрылымдарды тең құқықты және әділ ынтымақтастық үшін біріктіруге қабілетті бастама» атты пленарлық сессиясында сөз сөйледі.

Гоар Барсегян өңірлік экономикалық бірлестіктер арасында Еуразиялық экономикалық одақ лайықты орын алатынын және мүше мемлекеттердің экономикасын нығайтуда, олардың үйлесімді дамуын қамтамасыз етуде шешуші рөл атқаратынын атап өтті. ЕАЭО-ның Ірі Еуразиялық әріптестіктің интеграциялық контурын қалыптастырудың экономикалық орталықтарының бірі ретінде тұрақтануы Одақты әрі қарай дамытудың 2030 жылға дейін және 2045 жылға дейінгі кезеңге арналған «Еуразиялық экономикалық жол» декларациясының негізгі басымдықтарының бірі ретінде айқындалды.

ЕЭК министрі Одақ Ірі еуразиялық әріптестіктің негізін құрайтын ірі өңірлік бірлестіктермен халықаралық диалог инфрақұрылымын жоспарлы түрде құрып отырғанын атап өтті. Бұл ТМД, ШЫҰ, БРИКС, Африка одағы және басқа да мүдделі бірлестіктер мен мемлекеттер.

«ЕАЭО үшінші елдермен, өңірлік интеграциялық және мемлекетаралық бірлестіктермен диалог жасауға дайын. Биыл Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің бірі – Ресей Федерациясы БРИКС-ке төрағалық етеді және біз 2024 жылғы тамызда Нижний Новгород қаласында БРИКС және ЕАЭО елдерінің өнеркәсіп министрлерінің кездесуін өткізуді жоспарлап отырмыз», — деді Гоар Барсегян.

Министр сыртқы нарықтарға шығу үшін экономикалық өзара іс-қимылдың маңызды элементтері ретінде көлік-логистика саласының дамуына және транзиттік әлеуетті пайдалануға назар аударды. Оның пікірінше, еуразия өңірінің елдерін автомобиль және темір жолдармен, газ құбырларымен және электр беру желілерімен байланыстыруға, оның ішінде ағымдағы жылы Одақ органдарында төрағалық ететін Армения Республикасы ұсынып отырған «Әлем жолдарының түйісуі» жобасын іске асыру көмектеседі.

ЕАЭО жетістіктерімен бөлісе отырып, Гоар Барсегян Одақтың экономиканың нақты секторын, оның ішінде өнеркәсіп және агроөнеркәсіптік кешен салаларын дамытуға ерекше назар аударатынын атап өтті.

«2023 жылы ЕАЭО елдерінің өнеркәсібі 2022 жылмен салыстырғанда өндіріс көрсеткіштері 3,7%-ға өсіп, оң динамика көрсетті. Өсу Одақтың барлық елдерінде тіркелді. Биылғы жылы өндіріс көрсеткіштерінің оң серпіні күшейіп, қаңтар-ақпан айларында 6,6%-ға жетті», — деді ол.

Еуразиялық интеграцияның қазіргі кезеңіндегі маңызды жетістіктердің бірі ЕАЭО-да кооперациялық жобаларды қаржылық қолдау механизмін енгізу болды. Оның пікірінше, бұл экономиканың нақты секторындағы интеграцияның жаңа деңгейі.