Еуразиялық экономикалық комиссиясының Өнеркәсіп және агроөнеркәсіптік кешен жөніндегі министрі Гоар Барсегян Минскідегі "Иннопром.Беларусь" халықаралық өнеркәсіптік көрмесі шеңберінде Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің Үкімет басшыларына Еуразиялық экономикалық комиссияның стендін таныстырды.
ЕЭК министрі ЕАЭО мемлекеттерінің өнеркәсіптік әлеуетінің соңғы жылдардағы үдемелі дамуын атап өтті, Комиссияның өнеркәсіптік кооперацияны тереңдету жөніндегі жұмысының негізгі бағыттары туралы айтып берді.
Гоар Барсегян Одақтағы өнеркәсіптік кооперацияға қаржылай жәрдемдесу мәселелеріне айрықша назар аударды. Ол мүше мемлекеттер кәсіпорындарының бірлескен кооперациялық жобаларын қолдауға бағытталған осы маңызды механизмді іске қосу және іске асыру жөніндегі жұмыстың негізгі нәтижелері туралы хабарлап, өнеркәсіптік өзара іс-қимылдың табысты мысалдарын ұсынды.
"Өнеркәсіптік кооперация – Еуразиялық экономикалық одақтың технологиялық және өндірістік әлеуетін нығайтудың басты құралдарының бірі. Бұл жұмыста нақты кооперациялық жобаларды қолдауға және уағдаластықтарды практикалық нәтижелерге ауыстыруға мүмкіндік беретін қаржылай жәрдемдесу механизмі айрықша мәнге ие. Қазір біздің портфельде жалпы инвестиция көлемі шамамен 30 млрд рубль болатын 23 бастама бар. Олардың сегізі қазірдің өзінде мақұлданды және Одақтың барлық елінің кәсіпорындарының қатысуымен жүзеге асырылуда. Бұл теміржол инфрақұрылымы, машина жасау, микроэлектроника және құрылыс материалдарын өндіру саласындағы жобалар. Осы бағыттар бойынша өзара жеткізілімдердің күтілетін көлемі бес млрд рубльді құрайды, бұл Одақ шеңберінде импортты алмастыру және өзіндік технологияларды дамыту үшін орнықты базаны қалыптастыруға ықпал етеді", – деп атап көрсетті ЕЭК министрі.
Гоар Барсегян қазіргі уақытта агроөнеркәсіптік кешенде қаржылық жәрдемдесу механизмін қолдану бойынша жұмыс жүргізіліп жатқанын, бұл Одақ елдері экономикасының нақты секторында кооперацияны қолдауды ауқымдандыра түсуге мүмкіндік беретіні жөнінде де хабарлады.
ЕЭК министрінің пікірінше, өнеркәсіптік кооперацияны одан әрі дамыту мүше мемлекеттер кәсіпорындарының бірлескен жобаларға неғұрлым кеңірек қатысуын, өнеркәсіптік тауарлармен өзара сауда көлемінің өсуін және жаңа технологиялық тізбектердің қалыптасуын бағамдайды.