"ИННОПРОМ" алаңында болып өткен ЕАЭО өнеркәсіптік саясат жөніндегі кеңесінің отырысы барысында ЕАЭО шеңберіндегі өнеркәсіптік кооперация, соның ішінде бірлескен жобаларды қаржылық қолдау механизмдерін іске асыру мәселелері, сондай-ақ Одаққа мүше мемлекеттердің өнеркәсіптің жоғары технологиялық салаларындағы өзара іс-қимылының перспективалық бағыттары талқыланды.
Өндірістік кооперацияны кеңейтуге, Еуразиялық кеңістіктегі бірлескен инвестициялық жобалардың тиімділігін арттыруға айрықша назар аударылды.
"ЕАЭО мемлекеттерінің алдында өнеркәсіптік өзара іс-қимылдың қол жеткізілген деңгейін сақтап қана қоймай, технологиялық егемендікке, инновацияларға және стратегиялық жобаларды бірлесіп іске асыруға негізделген кооперацияның жаңа кезеңіне өтуді қамтамасыз ету міндеті тұр. Өнеркәсіптік интеграцияны одан әрі тереңдету, кооперациялық тізбектерді кеңейту және мемлекеттеріміздің күш-жігерін шоғырландыру ЕАЭО экономикасының жаһандық деңгейде бәсекеге қабілеттілігін арттырудың маңызды факторлары болатынына сенімдімін", — деп айтып өткен Еуразиялық экономикалық комиссияның Өнеркәсіп және АӨК жөніндегі министрі Гоар Барсегян өнеркәсіптік ынтымақтастықты тереңдету ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің экономикалық әлеуетін нығайтудың басты факторларының бірі болып қала беретінін атап көрсетті.
Ресей Федерациясының Өнеркәсіп және сауда министрі Антон Алихановтың және салалық қауымдастықтар мен компаниялар басшыларының қатысуымен өткен "Хаттамасыз диалог" атты іскерлікке арналған таңғы аста ЕЭК министрі бірлескен кооперациялық жобаларға кредиттер бойынша пайыздық мөлшерлемелерді субсидиялау арқылы іске асырылатын ЕАЭО-да қолданыстағы өнеркәсіптік кооперацияға қаржылай жәрдемдесу механизмін таныстырды.
"Бұл құрал ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер арасындағы өнеркәсіптік ынтымақтастықты дамыту үшін жаңа мүмкіндіктер ашады және Еуразиялық кеңістікте бірлескен жоғары технологиялық жобаларды іске асыруды ынталандыра отырып, орнықты өндірістік тізбектерді қалыптастыруға ықпал етеді", — деп атап өткен Гоар Барсегян, бұған қоса, қазіргі уақытта агроөнеркәсіптік секторға да осындай қолдауды тарату бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқанын айтып өтті.