2024 жылғы 2 ақпандағы Еуразиялық үкіметаралық кеңес отырысының қорытындысы

Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің үкімет басшылары 2 ақпанда Алматыда (Қазақстан Республикасы) тікелей форматта өткен Еуразиялық үкіметаралық кеңестің (ЕҮК) отырысында 12 мәселені қарады.

Үкіметаралық кеңес Одақ мемлекеттеріндегі макроэкономикалық ахуал және орнықты экономикалық дамуды қамтамасыз ету жөніндегі ұсыныстар туралы баяндаманы мақұлдады. ЕАЭО мемлекеттері үшін сыртқы саяси жағдайлардың күрделі болып қалғанына қарамастан, оң экономикалық динамика сақталуда. 2023 жылдың қорытындысы бойынша Одақтың жиынтық ЖІӨ өсімі 3,7%-ға жетті

Сондай-ақ, ЕАЭО елдерінің үкімет басшылары Еуразиялық экономикалық одақтың интеграцияланған ақпараттық жүйесін дамыту барысы мен перспективалары туралы баяндаманы мақұлдады. Бүгінгі таңда 27 жалпы процесс сәтті қолданысқа енгізілді, Еуразиялық экономикалық комиссия сегментінде 2024 жылдың 1 наурызына қарай тағы 16 процеске дайындық жүргізу жоспарлары бар 24 жалпы процесті іске асыру үшін техникалық дайындық қамтамасыз етілді.

Үкіметаралық кеңес «Еуразиялық агроэкспрессті», Одақ мемлекеттерінің ауыл шаруашылығы өнімдері мен азық-түлікті жеделдетілген темір жол және мультимодальды тасымалдауды жүзеге асыру жөніндегі бірлескен жобасын одан әрі іске асыруды қолдады. Сондай-ақ, экспорт бағыттарын кеңейту және көлемін ұлғайтудың маңыздылығы расталды. 2023 жылдың қорытындысы бойынша осы жоба шеңберінде жоғары маржалы азық-түліктің экспорттық жеткізілімдері 6% — ға өсті. 

Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің үкімет басшылары ЕАЭО-ға қатысушы елдердің көлік саласындағы басым интеграциялық инфрақұрылымдық жобалардың тізбесін 7-ден 11-ге дейін көбейту бастамасын мақұлдады. Еуразиялық көлік дәліздері мен перспективалы логистикалық маршруттарды дамытуға бағытталған автомобиль және темір жол қатынастарын жаңғырту және салу жөніндегі жобалардың ерекше маңызы бар.

Еуразиялық үкіметаралық кеңес отырысына Еуразиялық экономикалық одақ елдері үкіметтерінің басшылары — ЕҮК Төрағасы, Армения Республикасының Премьер-министрі Никол Пашинян, Беларусь Республикасының Премьер-министрі Роман Головченко, Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Әлихан Смайылов, Қырғыз Республикасы Министрлер Кабинеті Төрағасының бірінші орынбасары Адылбек Касымалиев, Ресей Федерациясы Үкіметінің Төрағасы Михаил Мишустин, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының Төрағасы Бақытжан Сағынтаев және ЕАЭО жанындағы байқаушы мемлекеттердің Үкімет басшылары — Өзбекстан Республикасының Премьер-министрі Абдулла Арипов (тікелей келуі) пен Куба Республикасының Премьер-министрі Мануэль Марреро Крус (бейне байланыс бойынша) қатысты.