Жаңалықтар

03.02.2023 (Обновлено: 10.02.2023 17:26)

2023 жылғы 2-3 ақпандағы Еуразиялық үкіметаралық кеңес отырысының қорытындылары

2-3 ақпанда Алматыда (Қазақстан Республикасы) Еуразиялық үкіметаралық кеңестің көзбе-көз форматта өткен отырысында Еуразиялық экономикалық одақ елдері Үкіметтерінің басшылары сегіз мәселені қарады.

Еуразиялық үкіметаралық кеңес ЕАЭО-ның ортақ электр энергетикалық нарығы шеңберінде электр энергиясын (қуатын) мемлекетаралық беру бойынша көрсетілетін қызметтерге қол жеткізу қағидаларын бекітті. Бұл ортақ электр энергетикалық нарықты іске қосу үшін қажетті, алдағы уақытта ЕАЭО-ның Үкімет басшылары қабылдайтын қағидалар топтамасының бірінші бөлігі.

ЕАЭО елдерінің Үкімет басшылары Еуразиялық экономикалық комиссияның Түрікменстан, Иран Ислам Республикасы, Біріккен Араб Әмірліктері және Үндістан Республикасы бағытындағы «Солтүстік-Оңтүстік» халықаралық көлік дәлізі бойынша жүзеге асырылатын тасымалдарды «Еуразиялық агроэкспресс» бірлескен интеграциялық жобасына кірістіру жөніндегі ұсынысын қолдады.

Еуразиялық үкіметаралық кеңес Өнеркәсіп саласындағы мемлекетаралық бағдарламалар мен жобаларды әзірлеу, қаржыландыру және іске асыру ережесіне өзгерістер енгізу туралы шешім қабылдады. Аталған құжат Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде 2018 жылғы ақпаннан бастап, міне 5 жылдан бері қолданылып келеді және бүгінгі таңда оның жекелеген нормаларын түзету қажеттігі пайда болды.

Үкіметаралық кеңес отырысында Еуразиялық экономикалық комиссия Еуразиялық экономикалық одақ мемлекеттеріндегі макроэкономикалық жағдаят және орнықты экономикалық дамуды қамтамасыз ету жөніндегі ұсыныстар туралы баяндама ұсынды. Баяндамада әлемдік экономиканың ағымдағы даму үрдістері, ЕАЭО мемлекеттерінің экономикалық дамуының серпіні мен перспективалары туралы ақпарат қамтылған, өсу кедергілеріне талдау жасалған және Одақ елдері экономикасын дамытуды қолдаудың қағидаттары мен критерийлері ұсынылған.

Еуразиялық үкіметаралық кеңестің келесі отырысы 7-9 маусымда Сочи қаласында (Ресей Федерациясы) болады.

Еуразиялық үкіметаралық кеңес отырысына Еуразиялық экономикалық одақ елдері Үкіметтерінің басшылары — ЕҮК Төрағасы, Ресей Федерациясы Үкіметінің Төрағасы Михаил Мишустин, Армения Республикасының Премьер-министрі Никол Пашинян, Беларусь Республикасының Премьер-министрі Роман Головченко, Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Әлихан Смайылов, Қырғыз Республикасы Министрлер Кабинетінің Төрағасы Акылбек Жапаров, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының Төрағасы Михаил Мясникович және ЕАЭО жанындағы байқаушы мемлекеттердің Үкімет басшылары — Өзбекстан Республикасының Премьер-министрі Абдулла Арипов (көзбе-көз) пен Куба Республикасының Премьер-министрі Мануэль Марреро Крус (бейне байланыс бойынша) қатысты.


Еуразиялық үкіметаралық кеңес отырысының қорытындысы бойынша қол қойылған құжаттар.

— "Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердегі макроэкономикалық жағдаят және орнықты экономикалық дамуды қамтамасыз ету жөніндегі ұсыныстар туралы" өкім. — "Өнеркәсіп саласындағы мемлекетаралық бағдарламалар мен жобаларды әзірлеу, қаржыландыру және іске асыру туралы ережеге өзгерістер енгізу туралы" шешім.
   — "Индикативтік баланстарды дайындау жүзеге асырылатын тауарлар тізбесіне өзгеріс енгізу туралы" өкім.
 — "Еуразиялық экономикалық одақтың ортақ электр энергетикалық нарығы шеңберінде электр энергиясын (қуатын) мемлекетаралық беру бойынша көрсетілетін қызметтерге қол жеткізу қағидаларын бекіту туралы" шешім.
 — "Еуразиялық үкіметаралық кеңестің 2022 жылғы 21 маусымдағы № 11 өкіміне өзгерістер енгізу туралы" өкім.
   — "Еуразиялық экономикалық одақтың интеграцияланған ақпараттық жүйесін және цифрлық күн тәртібін одан әрі дамыту туралы" өкім.
 — "Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің ауыл шаруашылығы өнімдері мен азық-түлікті жеделдетілген теміржол және мультимодальдық тасымалдауды жүзеге асыру жөніндегі "Еуразиялық агроэкспресс" бірлескен жобасын іске асыру барысы туралы" өкім.
— "Еуразиялық үкіметаралық кеңестің кезекті отырысын өткізу уақыты мен орны туралы" өкім.