25 қаңтарда Мәскеуде Ресей Федерациясы Үкіметі Төрағасының орынбасары Алексей Оверчуктың төрағалық етуімен және ЕЭК Кеңесі мүшелері мен ЕЭК Алқасының Төрағасы Михаил Мясниковичтің қатысуымен Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесінің отырысы көзбе-көз форматта болып өтті.
2023 жылғы 1 қаңтардан бастап Ресей Федерациясы бір жыл бойы ЕАЭО органдарында – Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңесте, Еуразиялық үкіметаралық кеңесте және Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесінде төрағалық етеді.
ЕЭК Кеңесі оларды орындау кезінде тауар ЕАЭО-да шығарылған болып есептелетін және Одақ мемлекеттеріндегі мемлекеттік сатып алуға жіберілуі мүмкін өндіріс талаптарын тағы 55 тауар позициясы бойынша бекітті. Мемлекеттік сатып алу мақсаты үшін тауарлардың жекелеген түрінің шығарылған елін айқындау қағидаларына № 1 қосымшаға тиісті өзгерістер енгізілді. Мұндай тауарларға әуеайлақтың сүйреп тартқыштары, 3Д-принтерлер, микрофондар, дауыс зорайтқыштар, телефондар, дыбыстық қондырғылар, есептеу машиналарының құрылғылары мен қуат көздерінің схемалары, сканерлер, биометриялық кешендер, жарықдиодты шамдар, талшықты-оптикалық кабельдер, тыныс алу аппараттары және басқа тауарлар кірді. Енгізілген өзгерістер барлығы бес салаға қатысты болды, олар: станок жасау, арнайы машина жасау, медициналық бұйымдар өндірісі, музыкалық аспаптар, сондай-ақ дыбыстық жабдықтар, электроника және радиоэлектроника.
Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесі тұсқағаз өндірісінің илемделген поливинилхлоридіне арналған кедендік әкелу бажының ставкасын қоса алғанда 2024 жылғы 29 ақпанға дейін уақытша нөлге түсіру туралы шешім қабылдады. Аталған тауарға арналған ЕАЭО БКТ-ның қолданыстағы ставкасы 6,5% құрайды.
ЕАЭО карантиндік объектілерінің бірыңғай тізбесі зиянды организмнің жаңа түрімен толықтырылды, тұқымдық және отырғызатын материал аталған карантиндік объектіден бос болуға тиіс екендігі туралы талап белгіленді.
Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесі Сәйкестікті бағалаудың типтік схемаларына өзгерістерді бекітті. ЕЭК Кеңесінің шешімі осы салада ұйымдастырушылық-өкім етушілік сипатында жақсарту үшін жағдайлар жасайды. Олар Одақтың сәйкестікті бағалау туралы құжаттарына (сертификаттары мен декларацияларына) заңды тұлғаның атауы немесе дара кәсіпкердің тегі мен аты-жөні өзгерген кезде, сондай-ақ өндірістің нақтылы орны өзгермеген жағдайда өнім өндірілетін жердің мекенжайының жекелеген деректемелері өзгерген кезде (сөз қала, көше атауының өзгеруі, пошта индексінің, үй нөмірінің өзгеруі туралы болып отыр) ұтқырлы түзетулер енгізуге мүмкіндік береді. Бұл ЕАЭО елдерінің іс басындағы шаруашылық жүргізуші субъектілерінің жұмысын жеңілдетеді.
Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесінің отырысына қатысушылар агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың бірлескен болжамдарын және жекелеген ауыл шаруашылығы тауарлары бойынша 2023 жылға арналған сұраныс пен ұсыныстың бірлескен индикативті теңгерімін мақұлдады.
Отырыс барысында Комиссияның ЕАЭО мемлекеттеріндегі макроэкономикалық жағдаят туралы баяндамасы және орнықты экономикалық дамуды қамтамасыз ету жөніндегі ұсыныстары мақұлданды. Ол Еуразиялық үкіметаралық кеңестің таяудағы отырысына ұсынылатын болады.
2023 жылғы 2-3 ақпанда Қазақстан Республикасында, Алматы қаласында өтетін Еуразиялық үкіметаралық кеңес отырысы күн тәртібінің жобасы мақұлданды.