Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасы Еуразиялық экономикалық одақтың «Балық пен балық өнімінің қауіпсіздігі туралы» техникалық регламентіне өзектілендірілген стандарттар тізбесін бекітті.
Оларды қолдану нәтижесінде ерікті негізде техрегламенттің сақталуы қамтамасыз етілетін стандарттар тізбесінде – 139 құжат бар (олардың 29-ы жаңа). Зерттеу (сынау) және өлшеу қағидалары мен әдістерін, соның ішінде техрегламенттің талаптарын қолдану мен орындау үшін қажетті үлгілерді іріктеу қағидаларын қамтитын стандарттар тізбесінде — 141 (43-і жаңа).
Тізбеге бірінші рет кірістірілген стандарттар мен әдістемелерді ескере отырып, сынау зертханаларын дер кезінде аккредиттеу мақсатында ЕЭК Алқасының шешімі ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік 180 күн өткен соң күшіне енеді.
Бұдан басқа, ЕЭК Алқасы «Жеке қорғау құралдарының қауіпсіздігі туралы» стандарттар тізіміне дәлдеп өзгерістер енгізді. Атап айтқанда, МемСТ 12.4.310-2016 «Еңбек қауіпсіздігі стандарттарының жүйесі. Жұмыс істеушілерді мұнай мен мұнай өнімдерінің әсерінен қорғауға арналған арнайы киім. Техникалық талаптар» мемлекетаралық стандарты оның жаңартылған версиясына — МемСТ 12.4.310-2020 ауыстырылды. Бұл құжат қазірдің өзінде қолданыста.
Стандарттар тізбесін ЕЭК сарапшылар мен бизнес-қоғамдастық өкілдерінің қатысуымен Одақ елдерінің мемлекеттік органдарымен бірлесіп әзірледі және соның ішінде ЕАЭО-ға мүше мемлекеттерде әзірленген және қолданысқа енгізілген мемлекетаралық стандарттардың жаңа версиялары да ескерілді.